Шымкент қаласының медициналық ұйымдарында пациенттер мен медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыру үшін заманауи цифрлық технологиялар кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Бұл бағытта бейнебақылау жүйелері мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану қолға алынған.
Қала денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдарда барлығы 2 722 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның 689-ы ғимараттардың сыртында, ал 2 033 камера ішкі аумақта орналасқан. Бейнебақылау құрылғылары қабылдау бөлімдері, күту залдары, дәліздер және кезекші дәрігерлер мен бейінді мамандардың кабинеттеріне қойылған.
Бұл жүйелер медициналық ұйымдардағы қоғамдық тәртіпті бақылауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар қауіпсіз орта қалыптастыру арқылы тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетуге жағдай жасалады.
Терроризм тұрғысынан осал нысандар санатына жататын 28 медициналық ұйымның бейнебақылау жүйесі Ішкі істер органдарының Жедел басқару орталықтарына қосылған. Мұндай интеграция құқық бұзушылықтарды жылдам анықтап, төтенше жағдай кезінде жедел қызметтердің әрекетін үйлестіруге мүмкіндік береді.
Жедел медициналық жәрдем қызметінің барлық бригадасы смарт-бейнежетондармен жабдықталған. Құрылғылар шақырту кезінде болған оқиғаларды бейнежазбаға тіркейді. Бұдан бөлек, медицина қызметкеріне қауіп төнген жағдайда жасанды интеллект арқылы қауіпті жағдайды анықтай алады.
Егер қызметкер шабуылға ұшыраса немесе өмірі мен денсаулығына қауіп төнсе, «SOS» немесе «Көмек» деген дауыстық пәрмен арқылы жүйені іске қосуға болады. Сигнал өңделгеннен кейін полиция департаменті мен жедел басқару орталығына хабарлама жіберіледі. Осыдан соң оқиға орнына жақын орналасқан полиция экипажы мен жедел жәрдем бригадасы бағытталады.
Қазіргі таңда медицина ұйымдарында агрессивті мінез-құлық белгілерін ерте анықтайтын жасанды интеллект негізіндегі бейнеаналитика жүйесін енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Оны Ішкі істер органдарының Жедел басқару орталықтарымен біріктіру бойынша жұмыстар жүріп жатыр.
