Шымкентте ерікті ұйымдардың көшбасшылары мен белсенді жастарға арналған екі күндік Жазғы мектеп өтті. Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының 2026 жылды Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық еріктілер жылы деп жариялауына орай ұйымдастырылды.
Жобаға қаладағы 100-ге жуық белсенді жас пен ерікті ұйымдардың жетекшілері қатысып, көшбасшылық дағдыларын жетілдірді. Қатысушылар тәжірибе алмасып, өзара байланыс орнатып, волонтерлік қозғалысты одан әрі дамыту жолдарын талқылады.
Жазғы мектеп бағдарламасына тұлғалық даму, тиімді коммуникация, руханият, команда құру және еріктілердің қызметін жетілдіру бағыттары енгізілді. Тәжірибелі мамандардың қатысуымен семинарлар мен практикалық тренингтер өткізіліп, жастар өз білімін толықтырып, жаңа дағдыларды меңгерді.
Іс-шара барысында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек волонтер жастармен еркін форматта кездесті. Кездесуде жастардың ұсыныстары мен пікірлері тыңдалып, кәсіби даму, үздіксіз ізденіс және адал еңбектің маңызы сөз болды. Сонымен қатар волонтерлік қызметтің азаматтық жауапкершілік пен көшбасшылық қасиеттерді қалыптастырудағы рөлі айтылды.
Жазғы мектептің екінші күні спорттық жаттығулардан басталды. Одан кейін қатысушылар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясындағы «Таза Шым» жобасына атсалысты. Жастар қала аумағын абаттандыру және қоршаған ортаны қорғау жұмыстарына қатысып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосты.
Бағдарлама аясында ұлттық және спорттық ойындар, танымдық семинарлар мен командалық тренингтер де ұйымдастырылды. Мұндай белсенділіктер жастардың ұйымшылдығын арттырып, көшбасшылық қабілеттерін дамытуға және бірлесіп жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға бағытталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай жобалар жастардың азаматтық белсенділігін арттырып, волонтерлік мәдениетті нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қоғам игілігіне бағытталған бастамаларды қолдайтын және ел дамуына үлес қосуға дайын белсенді азаматтардың қалыптасуына ықпал етеді.
