Шымкентте отандық өнімді насихаттауға және жергілікті кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған «Қазақстанның үздік тауары – 2026» және «Бір ауыл – бір өнім» өңірлік көрме-байқаулары ұйымдастырылды. Іс-шараға қаладағы 120-дан астам тауар өндіруші қатысып, өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.
Көрме қала әкімдігі мен Кәсіпкерлер палатасының бірлесіп ұйымдастыруымен өтті. Негізгі мақсат – Шымкенттің өндірістік әлеуетін таныстыру, отандық тауарлардың танымалдығын арттыру және кәсіпкерліктің дамуына қолдау көрсету.
«Көрме» орталығында өткен шарада тамақ өнеркәсібі, фармацевтика, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы және басқа да салаларда жұмыс істейтін кәсіпорындар өз өнімдерін таныстырды.
Көрмеге Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, Үндістанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Сайлас Тхангал бастаған делегация, бизнес өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
«Қазақстанның үздік тауары – 2026» байқауына нарықта бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан ірі кәсіпорындармен қатар, өндірісін жаңадан бастаған отандық кәсіпкерлер де қатысты. Қатысушылардың өнімдері ең алдымен сапасы мен бәсекеге қабілеттілігіне қарай бағаланды.
Өңірлік кезеңде үздік деп танылған кәсіпкерлер Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары – 2026» республикалық байқауында Шымкенттің атынан қатысады.
Сонымен қатар көрме аясында «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың бұйымдары да таныстырылды. Бұл жоба жергілікті брендтерді дамытуға, шағын кәсіп иелерінің өнімдерін нарыққа шығаруға және олардың өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай көрме-байқаулар жергілікті тауар өндірушілер үшін өз өнімдерін таныстырып қана қоймай, жаңа серіктестер табуға және нарықтағы орнын нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар іс-шаралар отандық өндірісті қолдап, өнім сапасын арттыруға және шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді.
