Басты бет / Қоғам /
Шымкент
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Шымкентте 105 азамат бизнес бастауға арналған грант иегері атанды

Шымкентте 2026 жылдың алғашқы легі бойынша бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттар тағайындалды. Business.enbek.kz порталы арқылы барлығы 435 өтінім қабылданып, үміткерлер өз жобаларын арнайы комиссия алдында қорғады.

Жобаларды бағалау кезінде олардың өміршеңдігіне, нарықтағы сұранысына, өтініш берушілердің таңдалған саладағы тәжірибесіне және жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндігіне басымдық берілді. Комиссия құрамына бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, кәсіпкерлер, жоғары оқу орындарының ғалымдары мен оқытушылары, сонымен қатар Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мамандары кірді.

Комиссия шешімі бойынша 105 азаматқа қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді. Қазіргі уақытта грант иегерлері мен Еңбек мобильділігі орталығы арасында тиісті келісімшарттар жасалып жатыр.

Биыл бір гранттың көлемі 400 айлық есептік көрсеткішке тең, демек 1 730 000 теңге. Қолдау алған азаматтардың басым бөлігі әлеуметтік санаттарға жатады. Олардың ішінде 50 көпбалалы отбасы, еңбек етуіне қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар 34 адам, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған 14 азамат және асыраушысынан айырылған 7 тұрғын бар.

Грант иегерлері ұсынған бизнес-жобалар түрлі бағытты қамтиды. 31 жоба қызмет көрсету саласына, 20 жоба өндіріс бағытына қатысты. Сонымен қатар кондитерлік және нан өнімдерін өндіру бойынша 19, мал және құс шаруашылығы бойынша 10, тігін өндірісі бойынша 10 жоба қолдау тапты.

Бұдан бөлек, жартылай фабрикат өндіруге арналған 9 жоба, жиһаз жасау бойынша 2 жоба және өзге бағыттардағы 4 жоба мақұлданды.

Мемлекеттік гранттар әлеуметтік осал санаттағы жұмыссыз азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға бағытталған. Жоба аясында тұрғындарға өз кәсібін бастауға мүмкіндік беріліп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және шағын бизнестің дамуына жағдай жасалады.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok