Шымкентте медициналық ұйымдардағы дәрілік заттарды басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған жұмыстар жалғасып жатыр. Қаладағы госпитальдық жаңа бөлімшелердің жұмысы дәрілерді тиімді басқаруға, олардың қауіпсіз әрі ұтымды қолданылуын қамтуға және пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған.
Бұған дейін Шымкенттегі 8 медициналық ұйымда госпитальдық фармация бөлімшелері жұмыс істеп келген. Енді бұл жүйеге тағы үш медициналық ұйым қосылды. Жаңа бөлімшелер Шымкент қалалық Психикалық денсаулық орталығында, Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында және «Хадиша» клиникасында ашылды.
Осылайша, бүгінде қаладағы 11 медициналық ұйымда госпитальдық фармация бөлімшесі жұмыс істейді. Алдағы уақытта тағы бір медициналық мекемеде осындай бөлімше ашу жоспарланып отыр.
Госпитальдық фармация бөлімшелерінің негізгі міндеттерінің бірі – медициналық ұйымдардағы дәрілік заттарды сақтау, есепке алу және пайдалану үдерістерін жүйелеу. Бұл дәрі-дәрмектің дұрыс сақталуын бақылауға, оның қолданылуын тиімді ұйымдастыруға және емдеу кезінде дәрілік терапияның қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңа жүйе дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үдерісін де жетілдіруге ықпал етеді. Мамандандырылған бөлімшелердің жұмысы медициналық ұйымдарда қажетті дәрілік заттардың қолжетімділігін бақылауға және оларды ұтымды пайдалануға жағдай жасайды.
Госпитальдық фармацияны енгізу медициналық көмектің сапасын арттырумен қатар, денсаулық сақтау саласында заманауи басқару тәсілдерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Дәрілік заттарды басқарудың бірыңғай әрі жүйелі тәсілі пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және емдеу процесінің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Шымкентте госпитальдық фармация бөлімшелерінің санын көбейту арқылы дәрілік қамтамасыз ету жүйесін одан әрі жетілдіру көзделіп отыр. Бұл бастама медициналық ұйымдардың жұмысын тиімді ұйымдастырып, тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған.
