Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппарат мәжілісі өтіп, онда интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, тұрғындардың өтініштерін орындау және қала инфрақұрылымына қатысты бірқатар мәселе қаралды.
Полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожаевтың мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында қалада интернет-алаяқтықтың 330 дерегі тіркелген. Қылмыстардың ашылу көрсеткіші 41,3%-ға жетіп, республикалық орташа деңгейден жоғары болды. Осы кезеңде жәбірленушілерге 214 млн теңге қайтарылып, 3,3 мыңнан астам банк шоты бұғатталған. Сонымен қатар 15,5 млн теңгенің заңсыз аударылуына жол берілмеген.
Киберқылмыстың алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қылмыстық топтардың әрекеті тоқтатылған. Сонымен қатар дропперлер мен интернет-алаяқтыққа қатысы бар адамдар ұсталған. Қалада жұмыс істейтін ANTIFRAUD CALL CENTER орталығы тәулігіне шамамен 1 700 алаяқтық қоңырауды бұғаттайды.
Жиында Әл-Фараби және Еңбекші аудандары тұрғындарының өтініштерін орындау барысы да талқыланды. Әл-Фараби ауданы бойынша 2023-2026 жылдары тұрғындардан түскен 984 өтініштің 853-і, яғни 86,7%-ы орындалған. Еңбекші ауданында 865 өтініштің 753-і немесе 87,%-ы шешімін тапқан. Қалған мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жалғасып жатыр.
Өтініштердің басым бөлігі инженерлік және жол инфрақұрылымын дамыту, абаттандыру, жер және тұрғын үй мәселелеріне қатысты.
Мәжіліс қорытындысында қала әкімі интернет-алаяқтыққа қарсы профилактикалық шараларды күшейтуді және тұрғындардың өтініштерін белгіленген мерзімде орындауды тапсырды. Сонымен бірге тұйық көшелерді асфальттау жұмыстарын жедел аяқтау қажеттігін атап өтті.
Бұдан бөлек, жаяу жүргіншілер өткелдері мен көшелерді жарықтандыру мәселесі қаралды. Ғабит Сыздықбеков мердігер ұйымдардың жұмысын бақылауды күшейтіп, келісімшарт талаптары орындалмаған жағдайда заң аясында тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
