Басты бет / Қоғам /
Шымкент
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Шымкентте жол апатынан ауыр жарақат алған науқасқа күрделі ота жасалды

Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханада жол-көлік оқиғасынан ауыр жарақат алған науқасқа жоғары технологиялық операция жасалды. Бірнеше жарақатпен ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілген пациентке дәрігерлер шұғыл медициналық көмек көрсетіп, емдеу шараларын бірнеше кезең бойынша жүргізді.

Алғашқы кезеңде науқастың өміріне қауіп төндіретін жағдайлар қаралды. Осы мақсатта жамбас сүйегі мен оң жақ сан сүйегіне сыртқы фиксация аппараты орнатылды. Бұл әдіс жарақат алған сүйектерді уақытша тұрақтандырып, науқастың жалпы жағдайын реттеуге мүмкіндік берді.

Пациенттің жағдайы тұрақталғаннан кейін дәрігерлер емдеудің келесі кезеңіне көшті. Дәрігерлер сыртқы фиксация аппаратын алып, жамбас пен сан сүйектеріне бір уақытта күрделі реконструктивті операция жасады.

Ота барысында жамбас сүйектері арнайы реконструктивті пластиналар мен бұрандалар арқылы анатомиялық қалпына келтірілді. Ал сан сүйегіне интрамедуллярлық остеосинтез жасалып, сүйектің дұрыс бітуіне қажет жағдай жасалды.

Мамандардың айтуынша, мұндай күрделі операциялар жоғары кәсіби дайындықты, мол тәжірибені және хирургиялық топтың үйлесімді жұмысын қажет етеді. Дәрігерлердің бірлескен еңбегінің нәтижесінде науқастың аяқ-қолдарының тірек қызметін қалпына келтіруге мүмкіндік жасалды.

Операциядан кейін пациенттің жағдайы дәрігерлердің бақылауында болды. Емдеу мен оңалту шараларының нәтижесінде науқас қанағаттанарлық жағдайда ауруханадан шығарылды. Қазір ол оңалту кезеңін бастап, жарақаттан кейінгі қалпына келу шараларын жалғастырып жатыр.

Дәрігерлердің айтуынша, мұндай жағдайда емдеу тактикасын дұрыс таңдау және хирургиялық көмекті уақытылы көрсету науқастың әрі қарайғы қалпына келуіне тікелей әсер етеді. Жоғары технологиялық операцияның сәтті жасалуы пациенттің қозғалыс мүмкіндігін қалпына келтіруге және қалыпты өмірге оралуына жол ашты.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok