Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс XXXVII сессиясы өтіп, онда бірқатар ұйымдастырушылық және кадрлық мәселе қаралды. Жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, мәслихат депутаттары, аудан әкімдері, басқарма басшылары, құқық қорғау органдары мен мекеме өкілдері қатысты.
Сессия барысында қала әкімдігі жанындағы Терроризмге қарсы комиссияның жаңартылған құрамы бекітілді. Бұл шешім кадрлық өзгерістерге байланысты қабылданды.
Жиында мәслихат төрағасына қатысты да өзгеріс болды. Өз өтініші бойынша Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Баһадүр Нарымбетов «ӘDІLET» партиясынан Қазақстан Республикасы Құрылтайына кандидат ретінде тіркелуіне байланысты қызметінен босатылды.
Сонымен қатар депутаттық өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған А. Найымбекова мен Б. Әшірбаев мәслихаттың тұрақты комиссияларының құрамынан шығарылды. Бұған олардың өздері сайланған саяси партиялардың қатарынан шығуы себеп болған.
Сессия барысында кәсіпкерлікті дамыту және цифрландыру жөніндегі тұрақты комиссияның жаңа төрағасы да анықталды. Депутаттардың шешімімен бұл қызметке М. Қонақбаев сайланды.
Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы болып Мұрат Жолдықожаев сайланды. Депутаттар жаңа төрағаның басшылығымен өкілді және атқарушы органдар арасындағы өзара байланысты одан әрі нығайтуға мүмкіндік болатынына сенім білдірді.
Жиын соңында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бұрынғы мәслихат төрағасы Баһадүр Нарымбетовке атқарған жұмысы үшін алғыс айтты. Ол Нарымбетовтің жергілікті өкілді органның дамуына, депутаттық корпустың тиімді қызметіне және Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін атап өтті.
Кезектен тыс сессияда қабылданған шешімдер қала мәслихатының алдағы жұмысын ұйымдастыруға және депутаттық қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталды.
