Шымкентте онкологиялық ауруларды емдеуде заманауи хирургиялық әдістерді қолдану мүмкіндігі кеңейіп келеді. Қалалық Онкологиялық орталығы бар көпбейінді ауруханада лапароскопиялық операцияларға арналған екі күндік халықаралық шеберлік сабағы өтті. Іс-шара барысында жергілікті дәрігерлер шетелдік маманмен бірге күрделі оталарды орындап, тәжірибе алмасты.
Шеберлік сабағына Мәскеудегі «Фомина» клиникалар желісінің бас хирургі Александр Жаугашев қатысты. Ол Шымкент дәрігерлерімен бірлесіп асқазан, қуық, жатыр мойны, ішек және ұйқы безі қатерлі ісігіне шалдыққан науқастарға күрделі лапароскопиялық операциялар жасады.
Лапароскопиялық әдістің ерекшелігі – хирургиялық араласу кезінде үлкен тілік жасалмайды. Оның орнына денеге бірнеше шағын тесу арқылы арнайы құралдар қолданып, операция өтеді. Бұл тәсіл операциядан кейінгі ауырсынуды азайтып, науқастың тезірек қалпына келуіне мүмкіндік береді.
Мұндай әдістің онкология саласындағы тағы бір артықшылығы – пациенттің кешенді емді жалғастыруына уақыт жоғалтпау. Операциядан кейін ағзаның қалпына келуі жылдам болғандықтан, қажет жағдайда химиотерапия сияқты емнің келесі кезеңін ертерек бастауға мүмкіндік туады.
Шеберлік сабағы кезінде жасалған операциялар онлайн көрсетіліп, еліміздің түрлі өңірлеріндегі хирургтерге тікелей эфир арқылы тәжірибе алмасуға жағдай жасалды. Осылайша мамандар заманауи хирургиялық тәсілдердің орындалу барысын бақылап, жаңа әдістермен танысты.
Мамандардың айтуынша, онкологиялық операциялардың 80–90 пайызын лапароскопиялық әдіспен жасауға мүмкіндік бар. Аз инвазивті технология операциядан кейінгі асқынулардың қаупін төмендетіп, пациенттердің қалыпты өмірге тезірек оралуына ықпал етеді.
Бұған дейін мұндай жоғары технологиялық оталар шетелдік клиникаларда кеңінен қолданылса, қазір Шымкентте де сәтті жүзеге асырылып жатыр. Бұл қаладағы онкологиялық көмектің заманауи талаптарға сай дамып келе жатқанын көрсетеді.
