Шымкентте тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж азаматтарға жаңа пәтерлердің кілті табысталды. «Көрме» орталығында өткен рәсім барысында 30 отбасы көптен күткен баспанасына ие болды. Іс-шараға қала әкімі қатысып, жаңа қоныс иелерін қуанышымен құттықтап, отбасыларына амандық пен бақ-береке тіледі.
Жаңа пәтерлер Қайтпас-1 шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйлерден берілді. Үйлер қолданыстағы құрылыс талаптарына сәйкес салынған. Сонымен қатар тұрғындарға жайлы жағдай жасау үшін қажетті инженерлік және коммуналдық инфрақұрылыммен қамтылған.
Баспана алғандардың қатарында тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж ретінде кезекте тұрған азаматтар бар. Олардың арасында мүгедектігі бар тұрғындар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, толық емес отбасылар мен зейнеткерлер бар.
Жаңа пәтер иелері үшін баспанаға қол жеткізу – ұзақ уақыт күткен арманның орындалуы. Енді олар жаңа үйлеріне қоныстанып, тұрмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік алады. Қоныс тойын атап өткен отбасыларға іс-шара барысында ізгі тілектер айтылып, жаңа шаңырақтарына құтты болсын айтылды.
Шымкентте тұрғындарды баспанамен қамту және әлеуметтік осал топтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Қалада тұрғын үй құрылысы жалғасып, баспанаға мұқтаж азаматтарды қолдауға арналған жобалар жүзеге асып жатыр.
Қала әкімдігінің мәліметінше, тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл бастамалар кезекте тұрған азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешуге және олардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған.
