Басты бет / Жаңалықтар /
робот
Фото: Жасанды интеллект

АҚШ Қытайда жасалған гуманоид роботтарға тыйым салды

АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі шетелде өндірілген жаңа гуманоид роботтарды елге импорттауға тыйым салды. Билік мұндай құрылғылар АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін деп есептейді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Шектеу адам тәрізді гуманоид роботтармен қатар төрт аяқты озық роботтарға да қатысты. Мұндай құрылғылардың едәуір бөлігі робототехника және жасанды интеллект саласында АҚШ-пен бәсекелесіп жатқан Қытайда өндіріледі.

АҚШ-тың Федералдық байланыс комиссиясы (FCC) шетелде өндірілген жаңа роботтарды ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруі ықтимал тауарлар мен қызметтердің Covered List тізіміне енгізді. Деректер орталықтары мен күн панельдерінде қолданылатын шетелдік қуат инверторларының жаңа үлгілеріне де шектеу қойылды.

FCC мәліметінше, шетелдік роботтар зиян мақсатта пайдаланылған жағдайда Америка азаматтарын бақылауға, барлау қызметтерінің мүмкіндігін кеңейтуге немесе құрылғыларды қашықтан басқаруға жол ашуы ықтимал. Ал инверторлар арқылы деректерді ұрлау, қашықтан бақылау немесе кибершабуыл жасау қаупі бар екені айтылды.

Алайда тыйым бұған дейін FCC мақұлдаған роботтар мен құрылғыларға қолданылмайды. Оларды АҚШ-та сатуға және импорттауға рұқсат етіледі.

Қытайдың Вашингтондағы елшілігі АҚШ шешіміне қарсылық білдірді. Бейжің Вашингтонды сауда мәселелерін саясиландырмауға және Қытай компанияларына санкциямен қысым көрсетуді тоқтатуға шақырды. Қытай тарапы ел мүддесіне нұқсан келтіретін шараларға жауап беретінін де мәлімдеді.

Кейінгі жылдары Қытай компаниялары зауыттар мен тұрмыста қолдануға арналған гуманоид роботтарды белсенді дамытып келеді. Unitree, UBTech және AgiBot секілді өндірушілер бұл нарықта қарқынды өсіп, Американың Tesla және Boston Dynamics компанияларымен бәсекелес болып жатыр.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok