Шымкент қаласының ауруханаларында инсультті ерте анықтауға көмектесетін CEREBRA жасанды интеллект жүйесі іске қосылып жатыр. Заманауи технология жуырда қалалық №1 клиникалық ауруханасына қосылды. Бұған дейін жүйе қалалық №2 ауруханада енгізілген.
CEREBRA жасанды интеллект жүйесі миға жасалған компьютерлік томография нәтижелерін автоматты түрде талдайды. Ол ишемиялық және геморрагиялық инсульттің алғашқы белгілерін анықтап, дәрігерлерге диагноз қою кезінде қосымша ақпарат береді. Бұл медициналық мамандарға науқастың жағдайын жылдам бағалап, қажетті көмекті уақытылы бастауға мүмкіндік береді.
Инсульт жағдайында уақыттың маңызы ерекше. Диагноз неғұрлым ерте қойылып, емдеу дер кезінде басталса, ми жасушаларының зақымдануын азайтып, ауыр асқынулардың алдын алуға және науқастың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік артады. Осы тұрғыдан алғанда, диагностикалық процесті жеделдететін технологияларды медицинаға енгізу маңызды.
Мамандардың айтуынша, жасанды интеллект дәрігерді алмастырмайды. CEREBRA жүйесін медицина қызметкерлері көмекші құрал ретінде қолданады. Науқастың соңғы диагнозын қою және емдеу тәсілін анықтау шешімін білікті дәрігер қабылдайды. Ал жасанды интеллект күрделі клиникалық жағдайларды бағалау кезінде қосымша қолдау көрсетіп, медициналық көмектің сапасы мен тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Жүйенің медициналық ұйымдарға енуі Шымкентте денсаулық сақтау саласын цифрландыру жұмыстарының бір бағыты. Заманауи технологияларды қолдану дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің жылдамдығы мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Қалада CEREBRA жүйесін медициналық ұйымдарға кезең-кезеңімен енгізу арқылы инсультті ерте анықтау және науқастарға шұғыл көмек көрсету мүмкіндігін кеңейту көзделіп отыр. Бұл әсіресе инсульт кезінде әр минуттың маңызы бар екенін ескерсек, медициналық қызмет көрсетуді жеделдетуге бағытталған маңызды қадам.
