Шымкентте жастардың экологиялық сауатын арттырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған танымдық кездесу өтті. Абай саябағында ұйымдастырылған іс-шараға еріктілер, студенттер және белсенді азаматтар қатысты.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен басқосуды қалалық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. «Таза Шымкент – қалдықсыз қала» тақырыбындағы кездесуде қатысушылар қоршаған ортаны қорғау, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу мәселелерін талқылады.
Шымкент қаласы бойынша Экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Дүйсен Құлтілеуов ведомствоның атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып, ауаның ластануын азайту, қалдықтарды қайта өңдеу және заңсыз қоқыс орындарын анықтау бағытындағы шараларға тоқталды. Оның айтуынша, қаладағы ірі кәсіпорындардың экологиялық ахуалы автоматтандырылған мониториң жүйесі арқылы онлайн бақыланады. Сонымен қатар экология талабын сақтамаған бірқатар кәсіпорынның жұмысы тоқтаған.
Маман жастарды қоршаған ортаны қорғауға, табиғи ресурстарға ұқыпты қарауға және қаланың тазалығын сақтауға белсенді атсалысуға шақырды.
Кездесуде ASAA жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Данара Саранова да табиғатты аялаудың маңызын айтты. Оның айтуынша, ұйым құрамында экологиялық бастамаларға және қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысатын 200-ге жуық ерікті жас бар.
Іс-шара барысында эко-тренер, экологиялық білім беру саласының сарапшысы Владислав Голярко жастарға қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеудің маңызы туралы танымдық сабақ өткізді. Қатысушылар күнделікті өмірде экологиялық әдеттерді қалыптастырудың жолдарымен танысты.
Кездесу соңында ерікті жастар Абай саябағында тазалық жұмыстарын жүргізіп, қоршаған ортаны абаттандыруға үлес қосты.
Қалада экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Мектептер мен жоғары оқу орындарында экологиялық семинарлар, тренингтер, ашық сабақтар мен экскурсиялар өткізіліп, тұрғындар жалпықалалық сенбіліктерге қатысып, қоршаған ортаны таза ұстауға атсалысып жатыр.
