Басты бет / Қоғам /
Шымкент
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Шымкентте тағы 30 отбасы баспаналы болды

Шымкентте 30 отбасы жаңа пәтердің кілтін алып, қоныс тойын атап өтті. Тұрғындарға баспана кілтін табыстау рәсімі «Көрме» орталығында өтіп, оған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.

Жаңа пәтерлер «Отбасы банк» АҚ жүзеге асыратын «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген ипотека бағдарламасы аясында берілді. Баспаналар қаланың қарқынды дамып келе жатқан шағынаудандарының бірі – Бозарықта орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерден ұсынылды.

Жаңа пәтерлерге көпбалалы және толық емес отбасылар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектігі бар азаматтар, сондай-ақ бюджет саласының қызметкерлері ие болды. Олар үшін баспаналы болу – ұзақ күткен армандарының жүзеге асқанын білдіретін маңызды оқиға.

Пәтер кілтін алған отбасылардың қуанышына қала басшылығы мен сала мамандары ортақтасып, жаңа қоныс иелеріне ақ тілегін білдірді. Жаңа тұрғын үйлердің пайдалануға берілуі қаладағы баспана мәселесін шешуге және тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстардың бір бөлігі болып отыр.

Шымкентте тұрғындарды баспанамен қамту және тұрғын үй жағдайын жақсарту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асып келеді. Жеңілдетілген ипотекалық жобалар әлеуметтік санатқа жататын азаматтарға үй алуға мүмкіндік беріп, баспанаға мұқтаж отбасылардың жаңа пәтерге қол жеткізуіне жол ашып келеді.

Қалада тұрғын үй құрылысының қарқын алуы мен мемлекеттік бағдарламалардың іске асуы алдағы уақытта да баспана мәселесін шешуге ықпал етпек. Ал кезекті 30 отбасы үшін бұл күн жаңа үйдегі жаңа өмірдің бастауы болды.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram