Шымкентте азаматтардың құқықтық сауатын арттырып, заң көмегіне қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті. Қалада биыл үшінші рет ұйымдастырылған шара барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер бойынша түрлі сала мамандарынан тегін кеңес алды.
«Арбат» саябағында өткен қабылдауға жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері, прокуратура қызметкерлері, тергеушілер, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, нотариустар және «Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалының мамандары қатысты. Акция барысында 76 азаматтың өтініші қаралып, оларға құқықтық түсіндірме берілді.
Тұрғындар мұрагерлікті рәсімдеу, өсиет қалдыру, тұрғын үйді сатып алу-сату, жер қатынастары, әлеуметтік төлемдер, кәсіпкерлік және тұрғын үй бағдарламаларына қатысты сұрақтарын қойды. Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта мұрагерлік мәселесіне байланысты өтініштер жиілеген. Азаматтарды мұраны қабылдау мерзімі, қажетті құжаттар мен рәсімдеу тәртібі қызықтырса, егде жастағы тұрғындар өсиет жасау бойынша кеңес алған. Бұдан бөлек, үй сатып алу кезінде қандай құжаттарға мән беру керек екені және заңнамадағы өзгерістер де көпшілікті алаңдатады.
Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының заңгері Фатима Сариева кәсіпкерлікке қатысты мәселелер бойынша да тұрғындардан сұрақ көп түскенін айтты.
Кәсіпкерлер мен кәсіп ашуды жоспарлаған азаматтар мемлекеттік қолдау шаралары, өз құқықтары, жер телімдерін рәсімдеу, рұқсат құжаттарын алу және заң талаптары жөнінде сұрайды. Мұндай кездесулер бірнеше саланың маманынан бір жерде кеңес алуға мүмкіндік береді. Бұл тұрғындардың уақытын үнемдеп, құқықтық сауатын арттыруға ықпал етеді, – дейді маман.
Акция барысында әр азаматқа мәселесіне қарай құқықтық түсіндірме беріліп, әрі қарай қандай әрекет жасау керектігі мен қажетті құжаттар тізімі айтылды. Ал арнайы рәсімдеуді қажет ететін қызметтер тиісті мемлекеттік органдарда заңнамаға сәйкес көрсетіледі.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, «Халық заңгері» акциясына тұрғындардың қызығушылығы артып келеді. Мұндай қабылдаулар алдағы уақытта да жалғасады.
