Басты бет / Жаңалықтар /
үй, қоныс, миграция, көшу
Фото: Жасанды интеллект

Қазақстанда басқа өңірге көшетіндерге үй алуға 7 млн теңгеге дейін беріледі

Қазақстанда кадр тапшылығы бар өңірлерге ерікті қоныс аудару бағдарламасына қатысушыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау күшейтілді. Енді бағдарлама аясында жеке тұрғын үй сатып алуға берілетін экономикалық ұтқырлық сертификатының ең жоғары мөлшері 7 млн теңгеге дейін, яғни 1 625 АЕК-ке дейін артты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

7 млн теңгені не үшін алуға болады?

Бағдарламаға қатысушыларға берілетін экономикалық ұтқырлық сертификатын жаңа тұрғылықты жерінен жеке баспана сатып алуға пайдалануға болады. Сертификаттың ең жоғары мөлшері – 1 625 АЕК немесе 7 млн теңгеге дейін.

Мемлекеттік қолдау мұнымен шектелмейді. Қоныс аударушыларға көшу шығындарына субсидия төленеді. Тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығындардың бір бөлігі де өтеліп, жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі.

Көшпей тұрып жұмыс табуға болады

Бағдарламаның тағы бір мүмкіндігі – азамат жаңа өңірге көшпей тұрып-ақ болашақ жұмыс орнын таңдай алады.

Қабылдаушы өңірлердің өкілдері азаматтар көшетін өңірлерде бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін тұрақты ұйымдастырады. Осылайша бағдарламаға қатысушы қоныс аудармай тұрып жұмыс берушілермен танысып, өзіне қолайлы жұмыс орнын іздей алады.

Бағдарламаға кімдер қатыса алады?

Бағдарламаға қатысушылардың санаты да кеңейтілді. Бұған дейін мемлекеттік қолдау негізінен жұмыссыз азаматтарға бағытталса, енді еңбек нарығында сұраныс көп мамандар да мүмкіндіктерді пайдалана алады.

Шаруа және фермер қожалықтарының басшыларына да бағдарламаға қатыса алады.

Өтінімді онлайн беруге болады

Қоныс аудару бағдарламасы толықтай цифрлық форматқа көшірілген.

Азаматтар migration.enbek.kz порталы арқылы өтінімді қашықтан бере алады. Порталда қоныс аударуға арналған өңірлер картасымен танысуға, сұраныс бар мамандықтарды көруге және қолайлы бос жұмыс орнын таңдауға мүмкіндік бар.

 Бағдарламаға 73,9 мың адам қатысты

Ерікті қоныс аудару бағдарламасы Қазақстанда 2017 жылдан бері жұмыс істейді.

Осы уақыт аралығында бағдарламаға 73,9 мың адам қатысты. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының нәтижесінде олардың 31 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан.

Жаңартылған бағдарлама жұмыс күші артық өңірлердегі азаматтарды кадр тапшылығы бар аймақтарға қоныстандырумен қатар, олардың жаңа жерде баспана алып, тұрақты жұмыс тауып, жайғасуына жағдай жасауға бағытталған.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook