Қазақстан азаматтары ипотека қарызын рәсімдемей тұрып жаңа пәтеріне қоныстана алады. Отбасы банк «NEST STROY» құрылыс компаниясымен бірлесіп «Ипотекаға дейінгі кілттер» атты жаңа жобаны іске қосты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жоба әзірге Алматы маңындағы жаңа Алатау қаласында орналасқан Gate City тұрғын үй кешенінде жүзеге асырылады. Жаңа механизмнің басты ерекшелігі – клиент қажет қаражатты депозитіне салғаннан кейін ипотеканың рәсімделуін бірнеше ай күтпей, таңдаған баспанасына бірден кіре алады.
Ипотеканы кейін рәсімдеп, пәтерге қазір көшуге болады
Отбасы банкінің мәліметінше, аралық қарыз алу үшін салымшы депозитінде қарыз сомасының 50%-ын жинап, бағалау көрсеткішін кемінде 5-ке жеткізуі керек. Жаңа ашылған депозитте мұндай көрсеткішке, әдетте, шамамен алты ай керек.
«Ипотекаға дейінгі кілттер» жобасы осы уақытты күтпей, баспанаға ертерек қоныстануға мүмкіндік береді.
– Енді қоныс тойын кейінге қалдырудың қажеті жоқ. Біздің жаңа жобамыз салымшыларға осы кезеңді күтпестен, депозитке ақша салғаннан кейін бірден пәтерге қоныстануға мүмкіндік береді. Ал ипотеканы кейінірек, депозит бойынша барлық шарттар орындалған кезде рәсімдеуге болады, – деді Отбасы банк басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов.
Аралық қарыз бойынша мөлшерлеме 8,5%. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) – 9%-дан 9,6%-ға дейін.
Жоба қалай жұмыс істейді?
Алдымен клиент Gate City тұрғын үй кешенінен өзіне ұнаған пәтерді таңдап, брондайды. Содан кейін Отбасы банктен депозит ашып, оған тұрғын үй құнының 50%-ын салады және төлем қабілеттілігін растайды.
Одан кейін құрылыс салушымен алты айға дейінгі мерзімге жалға алу шарты жасалады. Клиент пәтердің кілтін алып, бірден қоныстана береді.
Осы аралықта депозиттің бағалау көрсеткіші өсіп отырады. Ол 5-ке жеткен кезде клиент жылдық 8,5% мөлшерлемемен аралық қарыз рәсімдеп, құрылыс салушымен сатып алу-сату шартын жасайды.
Маңыздысы – осы уақыт ішінде клиент пәтерді жалға алғанына ақы төлемейді. Тек коммуналдық қызметтер ақысын өтейді.
Пәтер бағасы қымбаттамайды
Жобаның тағы бір ерекшелігі – клиент таңдаған пәтерін алдын ала брондап қояды. Осылайша ипотеканы күтіп жүрген уақытта баспанадан айырылып қалу немесе оның бағасы қымбаттап кету қаупі болмайды.
Отбасы жаңа пәтерінде тұрып жатып, болашақ ипотекасына дайындала алады. Мәселен, бөліп төлеу мен тұтыну несиелерін жауып, қаржы жүктемесін реттеуге мүмкіндігі бар.
Пәтерлер бағасы қанша?
Бір бөлмелі, ауданы 40–42 шаршы метр болатын пәтерлердің бағасы 19,8 млн теңгеден басталады. Ауданы 63–67 шаршы метр болатын екі бөлмелі пәтерлер 30 млн теңгеден, ал 85–86 шаршы метр үш бөлмелі пәтерлер 35 млн теңгеден сатылады.
