Басты бет / Жаңалықтар /
өзгеріс тамыз
Фото: ЖИ

1 тамыздан бастап Қазақстанда не өзгереді?

Тамыз айында Қазақстанда еңбек қатынастары, көлік, білім беру, салық және тұрғын үй саласына қатысты бірнеше маңызды жаңалықтар болады. Мысалы, елде алғаш рет Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Осыған орай, Baribar.kz тамыз айындағы негізгі өзгерістерді жинақтады.

4 тамыздан бастап еңбек заңнамасындағы өзгерістер күшіне енеді

4 тамыздан бастап Қазақстанда еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістер күшіне енеді.

Енді жұмыс берушілер жүкті әйелдерге, үш жасқа дейінгі баласы бар әйелдерге, кәмелетке толмағандарға және мүгедектігі бар адамдарға жұмысқа қабылдаудан бас тартса, оның себебін жазбаша түрде түсіндіруге міндетті.

Ауысым алдындағы міндетті медициналық тексеруден өтуге кеткен уақыт жұмыс уақыты ретінде есептеліп, қызметкерге орташа жалақысы бойынша төленеді.

Жеке кәсіпкерлердің салық есептілігін тапсыру мерзімі аяқталады

Оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер 2026 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша есепті:

  • 15 тамызға дейін – 910.00 декларациясын;
  • 25 тамызға дейін – тиісті салықты төлеуі қажет.

Салық мөлшерлемесін жергілікті мәслихаттар 2%-дан 6%-ға дейін белгілей алады. Сондықтан кәсіпкерлер өз өңіріндегі мөлшерлемені алдын ала нақтылағаны жөн.

2 тамыздан бастап жаңа Астана–Арқалық пойызы қатынайды

2 тамыздан бастап «Жолаушылар тасымалы» АҚ №225/226 «Нұрлы жол–Арқалық» бағыты бойынша жаңа жолаушылар пойызын іске қосады.

Пойыз күнара қатынайды. Құрамында 2024 жылы шығарылған жаңа вагондар болады. Бір бағытта 250-ден астам жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік береді.

10 тамызға дейін мемлекеттік грант иегерлері анықталады

Білім беру гранттарына өтінім берген талапкерлердің конкурсы тамыздың алғашқы онкүндігінде аяқталады.

Грант нәтижелері 10 тамыздан кешіктірілмей жарияланып, талапкерлердің eGov жүйесіндегі жеке кабинетіне жіберіледі.

«Ұмай» әйелдер ипотекасына өтінім қабылдау басталады

Тамыз айында «Отбасы банк» әйелдерге арналған «Ұмай» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдауды бастайды.

Бағдарламаға жұмыс істейтін, ресми табысы және кейінгі алты айда зейнетақы аударымдары бар әйелдер қатыса алады.

Несие сомасы 50 миллион теңгеге дейін, мерзімі 25 жылға дейін беріледі.

23 тамызда Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтеді

Қазақстанда алғаш рет жаңа Конституцияға сәйкес, Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді.

Сайлау 23 тамызға белгіленген.

Құрылтай 145 депутаттан тұрады және депутаттар партия тізімі арқылы сайланады.

Конституция күніне байланысты қосымша демалыс болмайды

Биыл Қазақстанда 30 тамыз демалыс күні болмайды.

Өйткені жаңа Конституцияға сәйкес Конституция күні енді 15 наурызда атап өтіледі.

Сәйкесінше тамыз айының соңында бұрынғыдай қосымша демалыс қарастырылмаған.

Түркияға қатынайтын рейстер саны артады

Тамыздан бастап Түркияның AJet әуе компаниясы Астана–Анкара және Алматы–Анкара бағыттары бойынша рейстер санын аптасына екіден жетіге дейін көбейтеді.

Қазақстан азаматтары Түркияға визасыз бара алады. Бір сапардың ұзақтығы 30 күннен, ал 180 күн ішінде жалпы 90 күннен аспауға тиіс.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram