Басты бет / Жаңалықтар /
бөпеforum, әке мен бала
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Балалар қалай бәрін жылдам әрі жеңіл үйренеді?

Бала бірнеше тіл үйреніп, ауқымды ақпаратты қабылдай алады. Бала жаңа машықты жылдам қалыптастырып, өзіне беймәлім әлемге бейімделуге тырысады. Ал ересектердің тіл үйреніп, есеп шығаруы баяу жүзеге асады. Baribar.kz қалай балалар бәрін жылдам әрі жеңіл меңгеретіні жайлы сарапшылардың пікірін ұсынып отыр.

Баланың миы бес жасқа дейін нейро байланыс орнатады

Live Science деген басылымның мәліметінше, балалар жаңа білімді бойына тез сіңіреді. Ұлыбританиядағы Честер университетінің аға оқытушысы Дебби Рейвенскрофттың айтуынша, баланың өскен ортасы мен айналаны зерттеуге деген қызығушылығы білім алуға ашық болуына ықпал етеді. Көбіне бес жасқа дейін олардың миы жаңа дүниені үйрену үшін нейро байланыс құрып, оны өзгертіп, қайта бейімделе алады. Бұл — мидағы нейропластика құбылысы. Нейропластика балаға жасөспірім кезге дейін жаңа әдетті, іс-әрекет тәсілін, дағдыны тез меңгеруге мүмкіндік береді.

Нәресте туған сәттен бастап дыбыс ажырата алады

Баланың ересектен басым түсетін тұсы – жылдам тіл үйренуі. Зерттеушілердің пікірінше, нәресте туған сәттен бастап ана тіліндегі дыбыс пен сөйлеу ырғағын ажырата бастайды. Мамандар сәби әлемдегі барлық тілдің дыбысы мен ырғағын түсінетінін айтты. Сондықтан бала төрт жасқа қарай ойын еркін жеткізе алатын деңгейге жетеді. Бұл қабілет баланың екінші немесе үшінші тілді де оңай меңгеруіне жол ашады. Дегенмен бала жыныстық жетілу кезеңіне дейін белгілі бір тілдегі кей дыбыстарды естімесе, қолданбаса, кейін дыбысты бір-бірінен ажырата алмай қалуы мүмкін.

Мидағы GABA қышқылы жаңа білімді бекітуге көмектеседі

2022 жылы Current Biology журналында жарияланған зерттеу бойынша, балалар мен ересектердің миындағы гамма-аминомай қышқылы (GABA) қызметінде айырмашылық бар. Бұл қышқыл жаңа білімді бекітуге көмектеседі. Алайда баланың жылдам үйрену қабілеті жоғары болса да, тұрақты нәтиже үшін ата-ананың қолдауы мен сапалы білім беру ортасы қажет. Мысалы, баланың жанында қамқор әрі түсінігі мол ересек адам болмаса, оның қабілеті мен әлеуетін толық пайдалану қиын болады.

Кейде ересектер баланың жаңа білімді өте тез меңгеруін қалап, оны асықтырып, қыспаққа алады. Кішкентай баланың өзін және эмоциясын толық басқара алмауы қалыпты. Себебі әлеуметтік мінез-құлыққа жауап беретін ми аймағы туғаннан кейін ғана дамиды. Мидың толық жетілуіне уақыт қажет. Бала қоршаған ортамен еркін қарым-қатынас орнатып, оқуға деген шынайы қызығушылығын жоғалтпауы үшін өз қарқынымен дамуғаны жөн.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook