Басты бет / Қоғам /
Шахул Хамид
Фото: Kazinform

Заң шығару процесінің тиімділігі және парламенттік бақылау: Шахул Хамид Құрылтай сайлауы туралы

Бір палаталы модельге көшу және Құрылтайдың өкілеттіктерін кеңейту заң шығару рәсімдерін барынша түсінікті етіп, парламенттік бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Малайзиялық сарапшы Шахул Хамид бин Мохд Исмаилдың пікірінше, бұл өзгерістер шетелдік инвесторлар үшін ерекше маңызды.

23 тамызға белгіленген сайлау жаңа бір палаталы Құрылтайдың құрамын анықтайды. Сайланған депутаттар заң шығарушы биліктің жаңартылған жүйесінде жұмыс істеп, мемлекеттік басқару құрылымындағы парламенттің кеңейтілген жауапкершілігін жүзеге асыратын болады.

Қазақстандағы саяси институттардың дамуын шетелдік сарапшылар ғана емес, халықаралық бизнес өкілдері де жіті бақылап отыр. Инвесторлар үшін мемлекеттік рәсімдердің ашықтығы, заңнамалық шешімдердің жүйелілігі және тиімді бақылау тетіктерінің болуы маңызды.

Шахул Хамид бин Мохд Исмаил бір палаталы модельге көшу тек құрылымдық өзгеріспен шектелмейтінін атап өтті. Оның бағалауынша, бұл реформалар заңдарды қабылдау тәртібі мен мемлекеттік институттар арасындағы өзара іс-қимылға ықпал етуі мүмкін.

«Екі палаталы парламенттен бір палаталы заң шығарушы органға көшу – мемлекеттік басқарудың тиімдірек, ашығырақ әрі есеп беретін жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Бұл жай ғана институционалдық қайта ұйымдастырудан әлдеқайда ауқымды өзгеріс», – деді Шахул Хамид бин Мохд Исмаил.

Жаңа парламенттік жүйенің ерекшеліктерінің бірі – заң шығару өкілеттіктерінің біртұтас өкілді органда шоғырлануы. Сарапшының пікірінше, бұл заң жобаларын қарау үдерісін жүйелірек етіп, рәсімдік кезеңдердің санын қысқартуға мүмкіндік береді.

Шетелдік компаниялар үшін заң шығару процесінің түсінікті болуының практикалық маңызы зор. Бұл реттеуші талаптардағы ықтимал өзгерістерді алдын ала бағалауға, оларды ұзақ мерзімді жоспарлауда ескеруге және инвестициялық шешімдерді неғұрлым айқын рәсімдерге сүйене отырып қабылдауға мүмкіндік береді.

«Шетелдік инвесторлардың көзқарасы тұрғысынан алғанда, заң шығару өкілеттіктері біртұтас өкілді органға шоғырланатын Құрылтайдың құрылуы рәсімдердің күрделілігін азайтып, сонымен бірге заң шығару процесінің тиімділігін арттырады», – деп атап өтті Шахул Хамид.

Сарапшы Құрылтайдың конституциялық өкілеттіктерін кеңейту мәселесіне де ерекше тоқталды. Атап айтқанда, парламенттің негізгі мемлекеттік лауазымдарға тағайындауларға қатысуы көзделіп отыр. Ол үшін депутаттар корпусының келісімі қажет болады.

Шахул Хамидтің пікірінше, бұл шешім Құрылтайдың заң шығару қызметіндегі ғана емес, жекелеген кадрлық шешімдерді бақылаудағы рөлін де күшейтеді. Шетелдік бизнес қауымдастық үшін парламенттік бақылаудың күшеюі мемлекеттік институттардың жауапкершілігі мен үйлесімді жұмысының маңызды көрсеткіші бола алады.

«Құрылтайдың конституциялық өкілеттіктерін кеңейтіп, негізгі мемлекеттік лауазымдарға тағайындау кезінде парламенттің келісімін міндетті ету де маңызды қадам. Шетелдік инвесторлар тұрғысынан бұл реформа парламенттік бақылауды едәуір күшейтіп, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін нығайтады», – деді сарапшы.

Осылайша, алдағы сайлау ерекше маңызға ие. Азаматтар кеңейтілген өкілеттіктерге ие болатын әрі мемлекеттік басқарудағы маңызды мәселелерді шешуге қатысатын Құрылтайдың құрамын айқындайды.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook