Басты бет / Жаңалықтар /
Тұрғын үй, пәтер, жер үй
Фото: Нұрназар Әмзе

Алматыдағы қай ауданда үй жалдау арзан?

Алматыда тұрғын үйді көп уақыт жалдау құны әр ауданда әртүрлі. Жалдау ақысына пәтердің қала орталығына жақын орналасуы, метро бекетінің болуы, инфрақұрылымның дамуы, тұрғын үйдің жағдайы және нарықтағы ұсыныс көлемі сияқты бірнеше фактор әсер етеді. Baribar.kz мегаполистегі қай ауданда үй жалдау арзан екенін біліп, тұрғын үй нарығы жайлы материал ұсынып отыр.

Бір бөлмелі пәтер жалдау ең арзан аудандар

OLX мәліметіне қарағанда, бір бөлмелі пәтерді Түрксіб ауданында жалдау ең арзан шығады. Мұнда бір бөлмелі пәтердің орташа жалдау құны — айына 128 мың теңге. Түрксіб ауданында бір жыл ішінде баға өспей, керісінше 3,3% төмендеген. Мұндай өзгеріс пәтер жалға берушілердің саны артып, басқа ауданмен салыстырғанда сұраныс біршама төмен болуына байланысты.

Ал пәтерді арзан жалдау бойынша екінші орында Медеу ауданы тұр. Мұнда бір бөлмелі пәтерді орта есеппен 148 мың теңгеге жалдауға болады. Аудандағы тұрғын үй бағасының жылдық өсімі — 15%, бұл салыстырмалы түрде төмен.

Үшінші орында – Алатау ауданы. Мұнда пәтер жалдау құны — орта есеппен 157 мың теңге. Сонымен қатар дәл осы ауданда қала бойынша бағаның ең жоғары өсімі тіркелген. Былтырғы жылдың маусым айымен салыстырғанда 70,5%.

Одан кейін Жетісу ауданында – 161 мың теңге және Наурызбай ауданында – 167 мың теңге көрсеткіші тіркелген. Екі ауданда да баға бір жылда, шамамен 46,5% өскен. Бұл аудандарда жаңа үйлер салынып, орталықпен салыстырғанда бағаның арзанырақ болуы сұранысты арттырған.

Орташа баға сегментіне Әуезов және Алмалы ауданы кіреді. Әуезов ауданында бір бөлмелі пәтерді жалға алу — орта есеппен, 178 мың теңге болса, Алмалы ауданында бұл көрсеткіш — 183 мың теңге.

Алмалы ауданы қаланың орталығында орналасқандықтан, сұраныс көп. Ал Әуезов ауданында инфрақұрылым дамып, тұрғын үй кешенінің көп болғаны жалға алатындарды қызықтырады.

Бір бөлмелі пәтерді жалдау ең қымбат аудан – Бостандық. Мұнда орташа баға — айына 189 мың теңге. Жоғары бағаға заманауи тұрғын үй кешендерінің, бизнес орталықтардың, жоғары оқу орындарының көп болуы және инфрақұрылымның дамығаны әсер етеді. Дегенмен бағаның жылдық өсімі салыстырмалы түрде қалыпты — шамамен, 24%.

Екі бөлмелі пәтер бағасы

Екі бөлмелі пәтер нарығында да Алатау, Түрксіб және Жетісу ауданында баға тұрақты. Мұнда пәтер жалдау құны — 155 мың — 169 мың теңге аралығында.

Түрксіб пен Жетісу ауданында екі бөлмелі пәтер жалдау құны керісінше төмендеген. Бір жыл ішінде Түрксіб ауданында баға 9,8 %, ал Жетісу ауданында 8,3% түскен. Бұл аудандарда ұсыныс көлемі сұранысқа қарағанда жылдамырақ өсіп жатыр.

Екі бөлмелі пәтер жалдау ең қымбат аудандар – Медеу мен Бостандық аудандары. Медеу ауданында орташа баға 300 мың теңгеге жетіп, бір жылда, шамамен 20% өскен. Бостандық ауданында бұл көрсеткіш — 261 мың теңге және былтырғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай өзгермеген.

Үш бөлмелі пәтер нарығы

Үш бөлмелі пәтердің ең қымбаты Әуезов ауданында тіркелген. Мұнда тұрғын үйді жалға алу — айына 326 мың теңге. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 43,6% жоғары.

Бостандық ауданында үш бөлмелі пәтер жалдау құны, шамамен 313 мың теңге болса, Түрксіб ауданында 280 мың теңге.

Бірқатар ауданда кең пәтерді жалдау бағасы былтырмен салыстырғанда төмендеген. Мәселен, Алатау ауданында үш бөлмелі пәтер жалдау құны — бір жылда 28,3%, Медеу ауданында 17,9%, ал Алмалы ауданында 8,6% арзандаған.

Пәтер жалға алу құны оның орналасқан жеріне байланысты. Көлік инфрақұрылымы дамыған, орталыққа жақын, жоғары оқу орындары мен метро бекетіне жақын орналасқан ауданда тұрғын үй жалдау бағасы әдетте жоғары болады. Сонымен қатар жаңа тұрғын үй кешендерінің салынуы қала сыртындағы баспана бағасынң өсуіне әсер етіп отыр. Бірнеше жыл бұрын бұл аудандарда тұрғын үй құны айтарлықтай төмен болған.

***

Тағы оқыңыз: 

Қазақстанда тұрғын үй бағасына не әсер етеді? Сарапшы жауап берді

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook