Кейде пәтер иесі жалға берілген үйді тексеруге келгенде өз кілтімен есікті аша алмай қалады. Өйткені пәтерді жалға алған адам иесіне ескертпей құлыпты, кілтті ауыстырып тастаған. Мұндай әрекет заңға сай ма? Меншік иесі құлып пен кілтті бұрынғы қалпына келтіруді талап ете ала ма? Ал құлып бұзылса немесе жалға алушы кілтін жоғалтып алса, не істеу керек?
Baribar.kz жалға берілген пәтердің кілтін ауыстыру туралы заңгердің пікірін ұсынып отыр.
Пәтерді жалға алушы кілтті өзі ауыстыра ала ма?
Заңгер Бақыт Қасымбековтің Кrisha.kz-ке берген пікірі бойынша, пәтерді жалға алған адам құлыпты өз бетінше ауыстыра алмайды. Өйткені пәтер иесінің келісімінсіз кілтті ауыстыруға болмайды. Тіпті жалға алушының қауіпсіздігі немесе жеке жайлылығы үшін де кілтті өзгерту құқығы жоқ. Өйткені пәтердің есігі мен құлпы — пәтер иесінің мүлкі. Жалға алушы пәтерге көшіп келмес бұрын пәтерде болған барлық мүлік меншік иесіне тиесілі.
Кілтті рұқсатсыз ауыстыру жалдау шартының талабын бұзуға жатады. Мұндай жағдайда меншік иесі:
- бұрынғы құлыпты қайта қалпына келтіруді немесе жаңасының құнын өтеуді талап етуге;
- құлыпты ауыстыру салдарынан болған шығынды өндіріп алуға;
- жалдау шартында пәтердегі өзгерістерді алдын ала келісу керек екені міндеттелсе, келісім шартты мерзімінен бұрын бұзуға құқылы.
Құлып сынып қалса, не істеу керек?
Құлып сынып қалса, алдымен жағдайды пәтер иесіне хабарлау қажет. Содан соң екі тарап мәселені бірлесе шешеді. Олар құлыпты жөндеу, жаңа құлып орнату немесе шеберді шақыру туралы келісімге келеді. Сондықтан пәтердің құлпын жалға алушы өзі ауыстырып, жаңа кілтті пәтер иесіне бере салуға болмайды.
Пәтерді жалға алушы кілтті жоғалтып алса, құлыпты бұзуға болады
Кейде жалға алушы кілтін жоғалтып алып, пәтер иесімен байланыса алмай қалады. Мұндай жағдайда құлыпты бұзып ашатын маманды шақыру қажет. Заңгердің айтуынша, пәтерге басқа жолмен кіру мүмкін болмаса, құлыпты бұзуға болады. Алайда есік ашылғаннан кейін пәтер иесіне жағдайды дереу хабарлау керек. Заңгер төтенше жағдай кезінде де жалға алушы меншік иесін хабардар етуге тиіс екенін айтты. Пәтердегі мүлікке қатысты кез келген өзгеріс екі жақтың келісімімен жасалады.
Пәтердің есігін ауыстыруға бола ма?
Пәтерді жалға алушы меншік иесінің келісімінсіз есікті ауыстыра алмайды. Тіпті рұқсатсыз сантехника мен су құбыры жабдықтарын да өзгертуге болмайды.
Пәтер иесі қарсы болмаса ғана кілтті басқа адамға (жалға алушының туысына, досына) беруге рұқсат. Үйдің кілтін үшінші тұлғаға беру жалдау шартының талабын бұзу ретінде бағаланады. Мәселен, жалға алушы кілтті досына беріп, оның пәтерде тұрақты тұруына мүмкіндік жасаса, меншік иесі бұған қарсылық білдіріп, тіпті келісім шартты бұзуға да құқылы.
Пәтер иесінің рұқсатынсыз не істеуге болады?
Жалға алушы тұрғын үйді шартқа сай пайдаланып, өзіне тиесілі жеке заттарын пәтерге әкеле алады.
Мысалы:
- жеке жиһазын орналастыруға;
- тұрмыстық техниканы пайдалануға;
- перде, сурет немесе басқа да интерьер заттарын ауыстыруға болады.
Алайда бұл өзгерістер пәтерге немесе меншік иесінің мүлкіне зиян келтірмеуі керек.
