Алматыда қала әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаевтың төрағалығымен көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару және оларды алдағы жылыту маусымына дайындау мәселелері бойынша кеңейтілген жұмыс кеңесі өтті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жиынға қалалық басқармалар, аудан әкімдіктері, төтенше жағдайлар департаменті, ПИК және МИБ қауымдастықтарының өкілдері қатысты.
Жылыту маусымына дайындық пысықталды
Кеңесте тұрғын үй қорын қыс маусымына дайындау, көппәтерлі үйлерді басқару сапасын арттыру, ортақ мүлікті күтіп-ұстау, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және басқару органдарының мемлекеттік мекемелермен өзара іс-қимылы мәселелері қаралды.
Алмасхан Сматлаев көппәтерлі тұрғын үйлерді сапалы күтіп-ұстау қала жұмысының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрғын үйлерді талапқа сай ұстау және заң бұзушылықтардың алдын алу – басты міндеттердің бірі.
Сонымен қатар коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Шархан Тұрсынбаев тұрғын үй қорындағы қазіргі жағдай туралы баяндама жасап, басқару органдары тұрғындар алдында ашық жұмыс істеуі, жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізіп, қаржының жұмсалуы туралы тұрақты есеп беруі қажет екенін айтты.
Әкімдік нақты тапсырмалар берді
Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімінің бірінші орынбасары көппәтерлі тұрғын үйлерді жылыту маусымына сапалы дайындауды, ортақ мүлікке тексеру жүргізіп, басым жөндеу жұмыстарын айқындауды тапсырды.
Сонымен қатар тиісті басқармаларға төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын күшейту, тұрғын үйлердің жертөлелерінде орналасқан коммерциялық нысандарды тексеру және анықталған заң бұзушылықтарды жою жөнінде шара қабылдау жүктелді. Бұдан бөлек, полиция департаментімен бірге көппәтерлі тұрғын үйлерде заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмыстар күшейтілетін болды.
