Басты бет / Жаңалықтар /
шоколад, конфет
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Шоколад неге қымбаттап жатыр? Сарапшылар түсіндірді

Қазақстанда шоколад бағасы рекордтық деңгейде өсті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенген Energyprom.kz мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында шоколад бағасы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 30,3% қымбаттаған.

Шоколад неге қымбаттап жатыр?

Сарапшылардың мәліметінше, кейінгі жылдары шоколад бағасының өсу қарқыны азық-түлік инфляциясынан асып түскен. Егер 2020–2021 жылдары баға 8–9% шамасында ғана өссе, 2022 жылдан бастап өсім айтарлықтай жеделдеген. 2025 жылы шоколад бағасы бір жыл ішінде 29,9% көтерілсе, биыл алғашқы жартыжылдықта бұл көрсеткіш 30,3%-ға жеткен.

Бағаның қымбаттауына ішкі өндірістен гөрі импорттың ықпалы басым. Биылғы қаңтар–мамыр айларында Қазақстандағы шоколад пен шоколад өнімдері нарығының 60%-ы импорт болған. Осы кезеңде елдегі жалпы ресурс көлемі 97,5 мың тонна болса, оның 58,5 мың тоннадан астамы шетелден жеткізілген. Ішкі өндіріс 14,1% өсіп, 39 мың тоннаға жеткенімен, нарықтағы үлесі шамамен 40% деңгейінде қалған.

Өндіріс өссе де, импортқа тәуелділік сақталды

Кейінгі жылдары Қазақстанның шоколад нарығында импорттың үлесі тұрақты өсіп келеді. Егер 2020 жылы бұл көрсеткіш 50,6% болса, 2025 жылдың қорытындысында 61,8%-ға дейін жеткен.

Соған қарамастан қазақстандық кондитерлік фабрикалар экспорт көлемін ұлғайтып жатыр. Биылғы алғашқы бес айда шетелге 20,1 мың тонна шоколад жөнелтілген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 25% көп. Ал ішкі нарықтағы сату көлемі 10%-ға өсіп, 77,4 мың тонна болған.

Сарапшылар өндірістің тұрақсыз өсуі мен кәсіпорындардың өндірістік қуатын толық пайдалана алмауы да нарықтағы жағдайға әсер етіп отырғанын айтады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы шоколад өндірушілер өндірістік қуатының небәрі 52,2%-ын ғана пайдаланған. Бұл қолда бар мүмкіндіктің жартысына жуығы іске қосылмағанын көрсетеді.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok