Басты бет / Жаңалықтар /
Марқакөл, заңсыз алтын өндіру
Видео скрині

Марқакөлде 30-дан аса адам заңсыз алтын өндірген

Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданында заңсыз алтын өндірген топтың қызметі тоқтатылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдіктілер Марқакөл ауданындағы Ақбұлақ ауылының маңында құрамында алтыны бар кенді заңсыз өндіріп, өңдеген.

30 гектар жерде заңсыз өндіріс жүргізілген

Тергеу мәліметінше, заңсыз жұмыс жалпы аумағы 30 гектар жер учаскесінде жүргізілген. Кен өндіру кезінде ауыр арнайы техника мен өндірістік кешендер пайдаланылған. Заңсыз қызметке 30-дан астам адам, оның ішінде Қытай Халық Республикасының азаматтары тартылған.

Ведомствоның мәліметінше, заңсыз өндіріс салдарынан қоршаған ортаға елеулі зиян келген. Топырақтың құнарлы қабаты бүлініп, жер бедерінің табиғи құрылымы бұзылып, су арнасы өзгерген.

Ауыр техника тәркіленді

Тінту барысында алты 40 тонналық жүк көлігі, төрт шынжыр табанды экскаватор, бір тиегіш және құрамында алтыны бар кенді өндіруге әрі жууға арналған екі өндірістік кешен тәркіленді.

Қаржылық мониторинг агенттігі аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram