Қазақстанда мерезбен алғаш ауырғандар саны биыл қайта өсе бастады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ranking.kz зерттеуі бойынша, 2026 жылдың алғашқы үш айында әр 100 мың тұрғынға шаққанда 9,4 жағдай тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,9% көп.
Қай өңірлерде көрсеткіш өсті?
Биыл 20 өңірдің 10-ында мерезбен алғаш ауырғандар саны артқан. Ең жоғары өсім Атырау облысында тіркеліп, көрсеткіш 4,9 есе көбейген. Қызылорда облысында ол 4,5 есе өссе, Шымкентте сырқаттанушылық 72,5% артқан.
Сонымен қатар кей өңірлерде жағдай жақсарған. Қарағанды облысында мерез алғаш анықталғандар саны 33,7% азайса, Шығыс Қазақстан облысында – 27,3%-ға, Жетісу облысында – 27,1% төмендеген. Мамандар мұндай өзгерістерді тек аурудың таралуымен байланыстырмайды. Олардың айтуынша, халықтың көбірек тексерілуі, алдын алу шараларының күшеюі және бұрын анықталмаған науқастардың тіркелуі де статистикаға әсер етуі мүмкін.
Ресми статистика нені көрсетеді?
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қысқа мерзімдегі өсімге қарамастан, 2021 жылдан бері Қазақстанда мерезбен алғаш ауырғандар саны шамамен 29,5% азайған. Өткен жылы елімізде мерездің әртүрлі сатысы алғаш рет 1,7 мың адамнан анықталған.
Алайда Қазақ ғылыми дерматология және инфекциялық аурулар орталығының мамандары ресми статистика нақты жағдайды толық көрсетпеуі мүмкін екенін айтады. Себебі кейінгі жылдары көптеген науқас мемлекеттік емханалардың орнына жеке медициналық орталықтарға жүгінеді. Ал барлық жеке клиникалар жыныстық жолмен берілетін инфекциялар туралы мәліметті мемлекеттік базаға тұрақты түрде жолдай бермейді.
Дәрігерлер мерезді дер кезінде анықтап, емдеу маңызды екенін ескертеді. Емделмеген жағдайда инфекция жүйке жүйесін, миды, жүрек пен басқа да ішкі ағзаларды зақымдап, ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, аурудың нақты таралуын анықтау және барлық жағдайды толық есепке алу алдын алу шараларының тиімділігі үшін аса маңызды.
