Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауында 1995 жылы туған әйел суға батып, қаза болды. Қайғылы оқиға 25 шілдеде Ақтаудан 46 шақырым жердегі демалыс базалары маңында болған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Құтқару қызметіне суға батып бара жатқан адам туралы хабар түскенімен, оқиға орнына жеткенше демалушылар әйелдің денесін судан өздері алып шыққан.
Сол күні Жаңаөзеннен 65 шақырым жердегі демалыс базасының аумағында тағы бір қайғылы жағдай тіркелді. Оқиға куәгерлері 1993 жылы туған ер адамды судан шығарып, құтқарушылар алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Алайда жедел жәрдем қызметкерлері келген кезде оның есін жимастан қайтыс болғаны анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам эпилепсия ұстамаларымен қатар жүретін ауру бойынша диспансерлік есепте тұрған.
Төрт адам құтқарылды
26 шілдеде Каспий теңізінің жағалауында тағы төрт қайғылы жағдайдың алдын алды. Ақтаудағы 7А шағынауданында құтқарушылар 2009 жылы туған жасөспірімді судан шығарып алды. Оған медициналық көмек қажет болған жоқ.
Түпқараған ауданындағы демалыс базасы маңында 2003 жылы туған ер адам арнайы жабдықталмаған жерде суға түсіп, жағаға өздігінен шыға алмай қалған. Құтқарушылар оны судан шығарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалаған.
Ақтаудың 4А шағынауданында ТЖМ әскери қызметшілері 2006 жылы туған жігітті құтқарып қалды. Оған да медициналық көмек қажет болмаған.
Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаменті шомылу маусымы кезінде Каспий жағалауында профилактикалық патруль жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді. Құтқарушылар тұрғындарды тек арнайы жабдықталған жағажайларда шомылып, қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды.
