Жаңа іс бастауға кеш деп ойлайтындар бар. Даму да, білім алып, спортпен шұғылдану да жастарға ғана арналғандай. Алайда бұл таптаурынды ысырып қойып, 70 жасында өмірін өзгерткен Раиса Шынасыл мұндай пікірге келіспейді.
Кейіпкеріміз күнделікті спортқа көңіл бөліп, әлеужеліде блог жүргізеді. Жаны қалайтын істі де тауып, оқырманына қажет кеңес ұсынып жүр. Baribar.kz тілшісі Раиса Шынасылмен сұхбаттасып, салауатты өмір салтын қалай ұстанып жүргенін сұрап, білді.
Раиса Шынасылдың айтуынша, жас кезінде дұрыс тамақтану мен спортқа аса мән бермеген. Ол кезде көпшілік секілді өмір сүріп, дұрыс тамақтануды, салауатты өмір салтын ұстануды ойламапты. Алайда денсаулығы сыр бере бастағанда, күнделікті әдетін өзгерткенін айтты.

Шамамен, бес жыл бұрын қан қысымым көтеріліп, жайсыз сезіндім. Салмағым 62 келі еді. Қызым арықтасам, денсаулығым жақсаратынын айтты. Алғашында онша сенбедім. Дегенмен кейін байқап көруге бел будым. Отбасыммен бірге жүгіре бастадық. Бір айдың ішінде 12 келі салмақ тастадым. Сол уақыттан бастап өзімді мүлде басқа адамша сезіндім. Қазір салмағым 50 келі, осы салмақты бірнеше жылдан бері еш қиындықсыз ұстап келемін, – дейді ол.

Раиса Шынасылдың өмірінде жаңа кезең осылай басталған. Кейіпкеріміз спортты уақытша айналысатын іс емес, күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырды.
«Жас ешқашан кедергі емес»
Раиса ханымның айтуынша, адам бәрін өзі үшін істеуі керек.
Мұның бәрі жасымды айрықша көрсету үшін емес, тек тәнім мен жанымның сау болуына керек. Әлеужеліде де өмір салтымды көрсетіп, адамдарға шабыт сыйлауға тырысамын. Адам арманына жетем деген адамға жас ешқашан кедергі болмайды, – дейді Раиса ханым.

Раиса Шынасыл күн сайын, шамамен бір-екі сағатын қозғалысқа арнайтынын айтты. Бұл уақыт ішінде жаттығу жасау, денені қыздырып, созылу және серуендеу бар. Кейіпкеріміз қозғалыссыз өткен бірде-бір күнін елестете алмайтынын жеткізді.
«Күн райы қандай болса да, жаттығуды қалдырмаймын»
Раиса ханым ерте тұрады. Таңертең аздап денесін қыздырып, созылу жаттығуын үйден бастайды. Кейін уоркаут алаңына барып жаттығады. Алаңдағы темірге тартылып, денені шынықтыратын түрлі жаттығуды да жасайды. Сүйікті ісімен айналысып жатқан сәтін таспалап, желіге салып отыруға да тырысады.
Жаттығудан кейін үйге қайтып, су ішіп, таңғы ас әзірлеймін. Содан кейін күнделікті жұмысым басталады. Күн райы қандай болса да, сыртқа шығып, спортпен айналысуды ұмытпау керек. Жаңбыр жауса да, күн суық болса да, жаттығуды қалдырмаймын. Сонымен қатар кітап оқып, өзімді дамытып, әлеужеліге контент түсіремін. Осылай күнім жоспар бойынша өтеді, — дейді Раиса ханым.
«Дұрыс тамақтану – уақытша дүние емес, өмір салты»
Раиса Шынасылдың күнделікті ас мәзірінде көкөніс, жеміс, жұмыртқа, балық және тауық еті бар. Ол қарапайым тамақтанғанды жақсы көреді және қантты өте аз қолданады.
Диета ұстамаймын. Мен үшін дұрыс тамақтану уақытша нәрсе емес, өмір салты болып кетті, – дейді ол.
Оның айтуынша, денсаулық сақтау үшін белгілі бір уақытқа ғана шектеу қою жеткіліксіз. Дұрыс тамақтану мен қозғалыс адамның күнделікті әдетіне айналуы керек.
Негізгі мамандығы қандай?
Раиса Шынасылдың кәсіби жолы да түрлі саламен байланысты. Ол инженер мамандығын таңдаған.
Бұл мамандықты өз қалауыммен емес, анамның ақылын тыңдап оқыдым. Кейін инженер болып та жұмыс істедім. Жолдасымның қызметіне қарай, әр қалада тұрдық. Сондықтан түрлі салада тәжірибем бар. Атап айтсам, министрлікте де, теміржолда да, есепші болып та қызмет еттім, — дейді Раиса ханым.

Қазір ол өзіне ұнайтын іспен айналысады. Сәнгер болып түрлі іс-шараға қатысып жүр.
«Mrs. Kazakhstan» байқауы жайлы
Раиса Шынасылдың көптен бері ойға алған арманы бар еді. Бұл — «Mrs. Kazakhstan» байқауына қатысу.
Бірде қызым мені байқауға тіркеп қойғанын айтты. Алғашында таңғалдым. Кейін қатысуға келістім. Байқауға барып, іріктеуден өттім. Бұл мен үшін ерекше тәжірибе болды. Арманның орындалуы жасқа байланысты емес екеніне тағы бір көзім жетті, – дейді ол.

Сайысқа 45 жастан асқан әйелдер қатысқан. Кейіпкеріміз 23 қатысушының арасында топ жарып, Mrs Grand Kazakhstan атағын жеңіп алды.
Әр ісі қуаныш
Раиса Шынасыл әлеужеліде блог жүргізуді жақында бастаған. Жаңа бастамасына себеп — адам 70 жаста да белсенді, әдемі әрі мықты бола алатынын көрсету. Раиса ханымға контентін көрген адамның өмір салтын өзгертуді шешкені маңызды.
Менің жазбамды көріп, бір адам болса да спортпен айналыса бастаса, мен үшін сол — үлкен қуаныш, – дейді өзі.
Қазір спорт, би және контент түсіру күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналған. Оның айтуынша, осының бәрі өзіне үлкен қуаныш.

«Жағымсыз пікірлерді ойға алмау керек»
Әлеужеліде белсенді адамға түрлі пікір жазатын жан көп. Раиса Шынасыл да жағымсыз пікір кездесетінін айтады. Алайда ол мұндай пікірлерге көңіл бөлмейді.
Әркімнің өз ойы бар. Ешкіммен сөз таластырмаймын. Оның орнына уақытымды өзімді дамытуға жұмсағанды дұрыс көремін. Жағымсыз пікірді ойға алмау керек, – дейді ол.

«Адамдар маған қарап, өмірін өзгертуге шешім қабылдағаны маңызды»
Раиса Шынасылдың парақшасында оқырман саны күн санап артып келеді. Қазір оны түрлі жоба мен түсірілімге көп шақырады.
Алайда кейіпкеріміз үшін бұл жетістіктерден де маңызды дүние бар. Ол өзіне қарап, басқа жандар да бой түзесе дейді.
70 жасында белсенді өмір сүріп жүрген Раиса Шынасыл жастарға да кеңес айтты.
Ең алдымен өзіңізге сеніңіздер. Денсаулықты күтіп, спортпен айналысыңыздар. Уақытты босқа құртпау керек. Ең бастысы – арманға жетуге талпыныңыздар. Себебі бәрі адамның өзінен басталады. Өзгерісті өзіңіз бастасаңыз, сонда өміріңіз де өзгереді, – дейді ол.
***
Тағы оқыңыз:
