Көпшілікке күннің батуын тамашалау – жай ғана әдемі көрініс. Бірақ кейінгі жылдары жүргізілген зерттеулер бұл сәттің адам денсаулығына да оң әсер етуі мүмкін екенін көрсетіп отыр. Ғалымдардың айтуынша, күннің батуы мазасыздықты азайтып, көңіл күйді, есте сақтау қабілетін жақсартып, ұйқының сапасын арттыруы мүмкін. Baribar күннің батуын бақылаудың ғылым дәлелдеген пайдаларын жинақтады.
Күннің батуы неліктен ерекше әсер қалдырады?
Психологтар мұны ағылшын тіліндегі awe ұғымымен байланыстырады. Бұл – адамды таңғалдырып, тұмса табиғаттың жаратылысы, сұлулығы алдында ерекше әсерге бөлейтін сезім.
Аризона мемлекеттік университетінің әлеуметтік психология профессоры Мишель Шиотаның айтуынша, мұндай сәттер адамға күнделікті күйбең тіршілікке басқа көзқараспен қарап, өзін әлдеқайда сабырлы сезіне бастайды.
Мазасыз ойлардан арылуға көмектесуі мүмкін
Кейде адам көңілін алаңдатқан ойлардан арыла алмай, соларға қайта-қайта орала береді. Мамандардың айтуынша, күннің батуы сияқты ерекше табиғи құбылыстар адамның назарын сол ойлардан басқа жаққа бұрып, қазіргі сәтке қайта оралуына ықпал етеді.
Зерттеулер мұндай әсердің мазасыздық пен күйзелісті азайтуға көмектесуі мүмкін екенін көрсеткен. Таңданыс сезімі адамдардың айналасындағыларға жанашырлық танытып, өзгелерге көмектесуге ықыласын арттыруы мүмкін.
Есте сақтау қабілетін жақсартады
Ғалымдар тәжірибелерінің бірінде қатысушылардың бір тобы таңғалдыратын ғылыми фильм көрген. Одан кейін барлық қатысушыға бірдей оқиға оқылып, кейін оның мазмұнын қаншалықты есте сақтағаны тексерілді.
Нәтижесінде көбірек таңданған қатысушылар ақпаратты дәлірек есте сақтаған. Зерттеушілер мұны адамның зейінін толықтай бір нәрсеге ауып, ақпаратты жақсырақ қабылдай алуымен байланыстырады.
Табиғат аясындағы серуен әсерін күшейте түседі
Мамандардың пікірінше, күннің батуын табиғат аясында тамашалау оның әсерін күшейте түседі.
Табиғаттың өзі күйзелісті азайтып, адамның психологиялық әл-ауқатына оң әсер ететіні бұрыннан белгілі. Ал күннің батуы осы әсерді одан әрі күшейтіп, ерекше эмоция сыйлайды.
Ағзадағы қабыну белгілері төмендеуі мүмкін
200 адам қатысқан зерттеу нәтижесінде өмірінде көп қуанатын және жиі таңданатын адамдардың ағзасындағы қабыну көрсеткіштері төмен болатыны анықталған.
Мұндай адамдарда қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары мен депрессия қаупі де салыстырмалы түрде төмен болуы мүмкін екені айтылады. Дегенмен ғалымдар бұл байланыстың нақты себебі әлі толық анықталмағанын атап өтеді.
Ұйқы сапасын жақсартады
Күннің батуын тамашалау ағзаның табиғи биологиялық ырғағына да әсер етеді. Бұл – ағзаның ұйқы мен сергектік режимін реттейтін табиғи биологиялық сағат.
Кешкі мезгілдегі жұмсақ қызғылт және алтын түсті жарық ағзаға демалуға дайындалатын уақыт келгенін білдіреді. Соның әсерінен мелатонин гормонының бөлінуі қалыпты жүріп, ұйқы сапасы жақсаруы мүмкін.
Ал кешке смартфон, компьютер немесе теледидардың көгілдір жарығы, керісінше осы табиғи процесті бұзып, ұйқы сапасының бұзылуына себеп болуы ықтимал.
Таңның атуын да тамашалау пайдалы
Ғалымдардың айтуынша, күннің шығуы мен батуы ағзаға бір-бірін толықтыратын табиғи белгілер іспетті.
Таңертеңгі күн сәулесі серотониннің бөлінуіне ықпал етіп, адамды сергек сезінуге көмектеседі. Ал кешкі күннің батуы ағзаға демалатын уақыт келгенін «ескертеді».
