«Одиссея» – киносүйер қауым асыға күткен туындылардың бірі. Фильмді толық түсіну үшін ежелгі грек эпостары – «Илиада» мен «Одиссеядағы» негізгі кейіпкерлер мен оқиғаларды алдын ала білген пайдалы. Baribar сізге киноға бармай тұрып білуге тиіс ең маңызды деректерді жинақтады.
«Илиада» мен «Одиссея» – екі бөлек шығарма
Британика энциклопедиясы дерегіне сәйкес, екі эпосты да ежелгі грек ақыны Гомердің шығармасы деп есептейді. Алайда олардың оқиғасы екі түрлі кезеңді қамтиды.
«Илиада» Троя соғысының соңғы апталарын баяндайды. Ал «Одиссея» соғыс аяқталғаннан кейін Одиссейдің туған жері Итакаға оралу жолындағы он жылдық сапарын суреттейді. Сондықтан «Одиссея» көбіне «Илиаданың» жалғасы ретінде қабылданады.
Троя соғысы қалай басталды?
Грек мифологиясында Троя соғысы Спарта патшасы Менелайдың жары Еленаны Троя ханзадасы Паристің алып кетуінен басталады.
Осыдан кейін грек патшалары күш біріктіріп, Троя қаласын қоршауға алады. Аңыз бойынша, соғыс он жылға созылған.
Одиссей кім?
Одиссей – Итака аралының патшасы. Ол ақыл-парасатымен, тапқырлығымен және қиын жағдайдан жол таба білетін қасиетімен танылған кейіпкер.
Грек мифологиясындағы аңыз бойынша, Троя қаласын алуға мүмкіндік берген әйгілі Троя атының жоспарын Одиссей ойлап тапқан. Бұл эпос соншалықты әйгілі болғаны сонша, қазіргі әлемде кез келген ұзақ, қиыншылығы мол, шытырманға толы саяхатты метафоралық түрде «Одиссея» деп атайды.
Құдайлар текетіресі
Одиссей тағдырында екі құдайдың орны ерекше. Посейдон ұлы Полифемнің көзін шығарғаны үшін оған қаһарын төксе, Афина оның ақыл-парасаты мен тапқырлығын бағалап, әрдайым қолдау көрсетеді. Бұл арқылы эпоста құдайлар мен адамдар арасындағы күрделі қарым-қатынас көрініс табады.
Неліктен Одиссей үйіне он жыл бойы жете алмайды?
«Одиссея» эпосында Троя соғысынан кейін Одиссей туған жеріне бірден қайта алмайтыны баяндалады.
Ол теңіз құдайы Посейдонның қаһарына ұшырап, көптеген сынақтан өтеді. Соның салдарынан оның Итакаға жетуі тағы он жылға созылады.
Одиссей жолда қандай қауіптерге кезігеді?
«Одиссеяда» Одиссей көптеген мифологиялық кейіпкермен кездеседі. Олардың қатарында:
- бір көзді дәу Полифем;
- сиқыршы Кирка;
- адамдарды әнімен арбайтын сиреналар;
- Скилла мен Харибда;
- Калипсо нимфасы бар.
Бұл оқиғалар Одиссейдің тек батыр ғана емес, ақылды әрі сабырлы кейіпкер екенін көрсетеді.
Пенелопа кім?
Пенелопа – Одиссейдің жары және грек әдебиетіндегі адалдықтың символына айналған кейіпкерлердің бірі.
Одиссей ұзақ уақыт оралмаған кезде көптеген үміткер оған үйленгісі келеді. Алайда Пенелопа түрлі амалмен олардың ұсынысын кейінге қалдырып, күйеуін күтеді.
«Одиссея» мен «Алпамыс батыр» ұқсастығы
Батыс әдебиетіндегі «Одиссея» мен қазақ ауыз әдебиетіндегі «Алпамыс батыр» жырының сюжеті қатты ұқсас.
-
Одиссей де, Алпамыс та елден ұзаққа кетіп, жат жерде сынаққа түседі (бірі 20 жыл саяхаттайды, бірі 7 жыл зынданда жатады).
-
Одиссейдің жары Пенелопа сияқты, Алпамыстың жары Гүлбаршын да адалдықтың символына айналған. Екеуі де күйеуі жоқта сарайын (елін) басып алған жат пиғылды үміткерлерге көнбей, соңына дейін күтеді.
-
Екі батыр да елге оралғанда бірден танылмай, қайыршы/диуана кейпіне еніп, сарайға жасырын кіреді және садақ ату/жарыс арқылы өз мәртебесін қайтарып алады. Бұл әлем әдебиетіндегі ортақ сарынның көркем көрінісі.
Телемахтың рөлі қандай?
Телемах – Одиссей мен Пенелопаның ұлы.
«Одиссеяда» ол әкесін іздеуге аттанып, оның тағдыры туралы мәлімет жинайды. Бұл бөлім – эпостағы маңызды желілердің бірі.
Одиссей туған жеріне қалай оралады?
Эпос бойынша, Одиссей Итакаға келген соң өзін ешкім танымауы үшін қайыршының кейпіне енеді.
Кейін кім екенін жариялап, сарайын басып алған үміткерлермен шайқасып, патшалығын қайтарады.
«Одиссея» тек саяхат туралы шығарма емес
Бұл эпоста тек шытырман оқиғалар ғана емес, адалдық, отбасы, төзім, ерік-жігер және адам болмысы туралы терең ойлар да қозғалады.
Неліктен бұл шығармаларды алдын ала білген пайдалы?
Кристофер Нолан фильмдерінде көрерменді оқиғаларды тереңірек түсінуге жетелейтін күрделі сюжет пен астарлы мағынаға ерекше мән береді. Сондықтан «Илиада» мен «Одиссеядағы» негізгі кейіпкерлер мен оқиғаларды алдын ала білу фильмнің мифологиялық және тарихи контекстін жеңіл түсінуге көмектеседі.
