Басты бет / Жаңалықтар /
Рамина Әбдірахман
Фото: ЖИ

Тәуке хан дәуірі туралы ойын жасап шығарған Рамина Әбдірахман

Қазақ халқының аңыздары мен мифологиясын ойын арқылы танытуға болады. 17 жастағы Рамина Әбдірахман мен оның командасы қазақ мәдениетін негізге алып, Ainalym жобасын әзірлеп шықты. Рамина — Алматыдағы №79 гимназияның оқушысы. Ол былтыр шілде айынан бастап қазақ мәдениетін таныстыратын «Өткеннің үні» деген ойын әзірлеуге кіріскен.
Қазір ойынның алғашқы бөлімі жарыққа шықты. «Екі ағайынды» аңызына негізделген бөлімде домбыраның тарихы суреттеледі. Негізгі оқиға Тәуке хан дәуірінде өрбиді. Baribar.kz тілшісі Раминамен тілдесіп, Ainalym жобасын қалай жасағанын білді.

Ойын не туралы?

«Өткеннің үні» визуал новелласының бас кейіпкері — өз мәдениетін қызықсыз әрі ескірген деп санайтын студент. Ол батыс мәдениетіне көбірек қызығады. Алайда ата-анасының қалауымен тарих факультетіне түскен.

Ainalym ойыны, қазақ мифологиясы, новелла ойын
Фото: Рамина Әбдірахманның жеке архивінен

Сол студен бірде университет тапсырмасымен мұражайға барады. Сол жерден көне домбыраның жартысын көріп, сонда жазылған аңызды оқиды. Осы сәттен кейін бас кейіпкер Тәуке хан дәуіріне тап болады. Өз заманына қайта оралу үшін домбыраның екінші бөлігін табуы керек. Оқиға желісі бойынша, кейіпкер қазақ тарихы, мифологиясы, аңыздары және салт-дәстүрімен танысады. Нәтижесінде оның өз мәдениетіне деген көзқарасы түбегейлі өзгереді, — деп түсіндірді Рамина.

«Өткеннің үні» ойынын Itch.io платформасынан тегін жүктеп алуға болады. Қазір әлемнің бірқатар елінен қазақ мәдениетіне қызыққан қолданушылар бар. Раминаның айтуынша, қолданушылар ойынды төрт мыңнан астам рет  жүктеген. Болашақта ойын авторлары Steam, Google Play және App Store платформасына шығуды жоспарлап отыр.

Ainalym ойыны, қазақ мифологиясы, новелла ойын
Фото: Рамина Әбдірахманның жеке архивінен

Ойынның алғашқы бөлімі домбыраның тарихы туралы. Ал келесі тарауларда ойыншылар Жезтырнақ, оның жұбайы Сөрел және олардың балалары туралы аңызбен, Жезтырнақ пен аңшы жайлы хикаямен және қазақ мифологиясындағы басқа да кейіпкерлермен танысады.

Ainalym ойыны, қазақ мифологиясы, новелла ойын
Фото: Рамина Әбдірахманның жеке архивінен

Болашақта жоба авторлары Алдар Көсе, Қорқыт ата және басқа да тарихи тұлғалар мен аңыздарды ойын форматында жасауды жоспарлап отыр.

«Қазақтың аңыздары мен тарихы жайлы ақпарат аз»

Рамина Әбдірахман
Фото: Рамина Әбдірахманның жеке архивінен

Ainalym жобасы жастардың қазақ мәдениеті мен тарихына деген әуестігін арттыру үшін жасалған. Раминаның айтуынша, қазір жастар шетел фильмін, ойыны мен анимелерін жақсы біледі. Ал қазақтың аңыздары мен тарихи оқиғалары туралы ақпарат аз.

Шын мәнінде, халқымыздың мәдениеті өте бай. Сондықтан қазір қазақ мәдениетін жастарға жақын форматта көрсеткіміз келді. Ойындар мен интерактив жобалар жастар өмірінің бір бөлігіне айналды. Бұл форматты таңдағанымыз да осыдан, – дейді Рамина.

 

Ainalym ойыны, қазақ мифологиясы, новелла ойын
Фото: Рамина Әбдірахманның жеке архивінен

Ainalym авторларының қазақ мәдениетін таныстыру үшін ойын форматын таңдауына тағы бір себеп бар. Ойынның ерекшелігі — қолданушы оқиғаға тікелей араласып, кейіпкерлермен бірге шешім қабылдай алады.

Кітап оқығанда немесе фильм көргенде адам оқиғаны сырттай бақылаушы болады. Ал ойын барысында кейіпкермен бірге шешім қабылдап, виртуал әлемде жүргендей сезінеді. Сондықтан мәдениет пен тарихты ойын арқылы жеткізу әлдеқайда әсерлі. Әсіресе, визуал новелла жанры аңызды баяндауға ыңғайлы, — дейді Рамина Әбдірахман.

Ойын авторлары қазақ аңыздарын қайта баяндап беруді емес, оларды біртұтас оқиғаға біріктіріп, ойыншыны сол әлемнің бір бөлігіне айналдыруды көздеген.

Ainalym ойыны, қазақ мифологиясы, новелла ойын
Фото: Рамина Әбдірахманның жеке архивінен

Жобаның атауында да ерекше мән бар. «Айналайын» — қазақ тіліндегі ең жылы әрі мағыналы сөздің бірі. Ол мейірім, қамқорлық және жақын қарым-қатынастың символы. Рамина мен оның командасы да осы құндылықты жеткізгісі келген. Ал шетелдегі аудиторияға оңай болуы үшін «айналайын» сөзін қысқартып, ойынды Ainalym деп атаған.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Өткеннің үні | Голос прошлого (@the_voice_of_the_past)

Қазақ мәдениетін бірнеше тілде таныстырады

Қазір ойын қазақ, орыс және ағылшын тілінде. Алайда жоба авторлары қазақ мәдениетін шетелдегі аудиторияға таныстыру үшін мәтінді тек аударумен айналыспайды.

Қазақ мәдениетіне тән ұғымдарды, дәстүрді және тарихи оқиғаларды шетелдегі ойыншыларға түсінікті болатындай етіп бейімдеуге тырысамыз. Сонымен қатар ойын ішіндегі иллюстрация, музыка және тарихи киімдердің дизайны арқылы қазақ мәдениетінің атмосферасын жеткізуді көздейміз, — дейді Рамина.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Өткеннің үні | Голос прошлого (@the_voice_of_the_past)

Қазір ойынды АҚШ, Жапония, Ұлыбритания, Германия, Нидерланд, Швеция, Польша, Ресей, Украина, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да елдің ойыншылары жүктеп, ойнап жүр.

Ainalym ойыны, қазақ мифологиясы, новелла ойын
Фото: Рамина Әбдірахманның жеке архивінен

Жобаны жасөспірімдер мен жастардан құралған команда әзірлейді

Ainalym жобасын жасөспірімдер мен жастардан құралған шағын команда жасап жатыр. Команда құрамында суретшілер, бағдарлама жасаушы, сценаристер, аудармашылар және еріктілер бар. Әр маман өз міндетін атқарады.

Жобаны әзірлеу кезінде команда мүшелері қазақтың тарихи және мәдени мұрасын зерттеуге де ерекше мән берген. Мәселен, еріктілердің бірі тарихи деректерді іздесе, енді бірі Алматыдағы Ұлттық музейге барып, XVIII ғасырдағы киімдерді зерттеп, олардың суретін салғн. Тағы бір ерікті Ұлттық кітапханадан ою-өрнектер мен дәстүрлі киімдер туралы кітаптарды тауып, қажет материалды жинаған.

Ainalym ойыны, қазақ мифологиясы, новелла ойын
Фото: Рамина Әбдірахманның жеке архивінен

Осы зерттеулердің нәтижесінде жоба авторлары кейіпкерлердің киімін тарихи дерекке барынша ұқсатуға тырысқан.

Жобадағы суретшілердің бірі — 16 жастағы Ясмин Қожахметова. Ал команданың басқа мүшесі ойынның титрінде көрсетілген.

«Қазақ мәдениеті туралы жоба халықаралық деңгейде де қызық бола алады»

Кейінгі кезде Ainalym жобасына қызығатын жандар артып келеді. Команда түрлі шығармашылық және білім беру жобасына қатысып жүр. Соның ішінде Akira Demo Day сынды іс-шарада ойынды көрсетіп, сарапшылардан пікір алған.

Қазір мәдени ұйымдармен, музейлермен және білім беру жобаларымен серіктес болуға дайынбыз. Мұндай әріптестік қазақ мәдениетін кең аудиторияға танытуға мүмкіндік береді, — дейді кейіпкеріміз.

Рамина Әбдірахман
Фото: Рамина Әбдірахманның жеке архивінен

Жобаның жас авторы Ainalym-ды дамыту арқылы өзі де графика дизайны, ойын индустриясы және визуал сторителлиң саласында тәжірибе алып келеді. Болашақта осы бағытта кәсіби маман болуды армандайды.

Ainalym жобасы халықаралық университеттерге түсуге де көмектесіп келеді. АҚШ, Қытай және Жапониядағы ЖОО-ға құжат тапсырып, сұхбаттасу кезеңіне өткенде қабылдау комиссиясы жеке жобама қызығып, көп сұрақ қойды. Сол кезде қазақ мәдениеті шетел азаматтарына да қызық екенін түсіндім. Сондықтан технология мен шығармашылықты біріктіріп, Қазақстанды әлемге танытатын жоба жасағым келеді, – дейді Рамина.

***

Тағы оқыңыз: 

«Қазақ тілі анимеге өзгеше реңк береді». Дубляж актері Диас Балабимен сұхбат

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram