Басты бет / Жаңалықтар /
0dd57618bb312e220709e800aec956d1 Авиацияда тәжірибесі жоқ адамдар да әуе механигі бола алады
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Авиацияда тәжірибесі жоқ адамдар да әуе механигі бола алады

Әуежай, ұшақ деген кезде көпшілік бірден ұшқыш пен бортсерікті ойлайды. Алайда бұдан бөлек ұшақтың техникалық жай-күйін тексеретін әуе инженері, техник пен механик мамандар бар. Бұл мамандар аса жауапты іс атқарады. Өйткені олар жұрт ұшаққа отырмас бұрын ұшақтың техникалық ақауы бар-жоғын алдын ала тексереді. Жолаушының қауіпсіз сапарына жауапты механик мамандардың бірі — Мадияр Қасымов. Ол Аir Аstana компаниясының Apprentice бағдарламасы бойынша білім алған.
Baribar.kz тілшісі әуе механигі мамандығы туралы және бағдарлама арқылы оқу жайлы Мадиярмен әңгімелесті.

«Заманауи авиация технологияларын меңгердім»

Мадияр Қасымов бала кезінен авиация саласына, ұшақ істейтініне қызыққан. Мектеп бітірген соң Apprentice бағдарламасына өтінім берген. Аir Аstana компаниясында үш жылдан бері істейді. Осы аралықта Мадияр теорияны оқып, тәжірибе жинап, EASA Part-66 сертификатын алды.

Механик
Мадияр Қасымов / Фото: жеке архив

Бағдарлама туралы білген соң өзімді сынап көргім келді. Аir Аstana-ның Астанадағы оқу орталығында білім алдым. Бізге лицензиясы бар инженерлер мен білікті неміс нұсқаушылар ағылшын тілінде сабақ берді. Оқуда ұшақтың негізгі жүйелерін, қауіпсіздік талабы мен заманауи авиация технологияларын меңгердім. Қазір бұл білімім күнделікті жұмыста кәдеме жарап жатыр, — дейді Мадияр Қасымов.

  • EASA Part-66 — әуе инженерінің халықаралық лицензиясы, кәсіби біліктің әлемдік деңгейдегі стандарты. Маман EASA Part-66 сертификатымен тәжірибе күнделігін жүргізіп, лицензия алады.

Ұшақта техникалық ақау анықталса, механик не істейді?

Мадиярдың сөзіне қарағанда, ұшақта техникалық ақау бар болса, механик маман AMM (Aircraft Maintenance Manual) талабы бойынша ақау болған жерді жөндейді. АММ — ұшаққа техникалық қызмет көрсетуді түсіндіретін ұшақ өндірушісі ұсынған нұсқаулық.

Жұмысым жаңа ауысымды қабылдап, техникалық құжаттармен танысудан басталады. Содан соң ұшақтың негізгі жүйелерін тексеру керек. Ұшақты тексеріп жатқанда ақау анықталса, оны техникалық құжатына тіркеп, ақау неден шыққанын анықтаймын. Бұл мамандықта ағылшын тілін білу керек. Өйткені техникалық құжаттар ағылшын тілінде жазылған, — дейді механик.

Цифрлы жүйе механик маманның орнын баса алмайды

Механик маманның айтуынша, қазір ұшақты тексеру мен диагностиканың басым бөлігі цифрлы жүйе арқылы жүргізеді. Бұл жұмысты жеңілдетіп, ақауды жылдам анықтауға мүмкіндік береді. Дегенмен Мадияр цифрлы технология қарқынды дамыса да, механиктің білім мен тәжірибе маңызды екенін айтып отыр.

механик
Мадияр Қасымов / Фото: жеке архив

Бұл мамандықты меңгеру үшін адам жауапты болуы қажет, тәртіпке бағынуы, техникалық білімі болуы және командамен бірлесе жұмыс істей алуы қажет. Қазір білікті әуе механигіне сұраныс өте көп. Авиация саласы дамып, жаңа ұшақтар шығып жатыр. Сондықтан үздіксіз дамуға бейім кәсіби мамандар қажет. Бастысы үнемі жаңа дүниені үйренуге ұмтылып тұру қажет. Білмегеніңді сұраудан ұялмаған жөн, — дейді Мадияр Қасымов.

«Мамандығымды дұрыс таңдағаныма көзім жетті»

Мадияр техникалық қызмет көрсету жұмысына алғаш рет қатысқан сәт ерекше есте қалғанын айтты.

Командамен жұмысты сәтті аяқтағаннан кейін ұшақтың қауіпсіз түрде көкке көтерілгенін көрдім. Жолаушы мен ұшақтың қауіпсіздігіне менің еңбегім тікелей әсер ететінін түсіндім. Сол кезде мамандығымды дұрыс таңдағаныма көзім жетті, — дейді механик маман.

Apprentice бағдарламасының талаптары қандай?

Аir Аstana әуе компаниясы 2018 жылдан бері Apprentice бағдарламасы бойынша механиктер мен инженерлер дайындап келеді. Әуе механигі, әуе инженері болғысы келетін азаматтардың оқу ақысын компания төлеп береді. Осы уақыт ішінде жалпы 50-ден астам адам бағдарлама арқылы оқыған. Қазір білім алып жатқан болашақ маман саны — 20. Авиация саласында жұмыс тәжірибесі жоқ үміткерлер де бағдарламаға қатыса алады. Бағдарламаға өтінім беру үшін мына форманы толтыру керек. Өтінім берген соң екі апта аралығында компания өкілдері үміткерге хабарласады.

Apprentice бағдарламасының талаптары мынадай:

  • үміткер Қазақстан азаматы болуы керек;
  • жасы 18-21 жас аралығында болуы керек;
  • математика мен физикаға бейім болуы керек;
  • ағылшын тілі деңгейі Pre-Intermediate болғаны шарт;
  • сотталмағанын растайтын анықтамасы болуы қажет.

Ағылшын тілінен 35 сұраққа жауап беріп, тест тапсыруға немесе IELTS 6.0 немесе TOEFL 79 сертификатын өткізуге болады. Тест Аir Аstana-ның Алматыдағы офисінде, басқа қаладағы қатысушылар үшін онлайн форматта өтеді.

Іріктеу кезеңі 2-4 айға созылады

Өтінім берген азамат SHL деген психометрия тестін тапсыруға тиіс. Тест арқылы үміткердің дерекпен (сан, графика, кесте), мәтінмен жұмыс істеу деңгейі, логикалық ойлау қабілеті мен механиканың негізгі заңдары бойынша білімі бағаланады. Іріктеуден өткен қатысушылар Алматыда немесе Астанада ақтық кезеңге қатысады. Алдымен компанияның өндіріс ортасымен, техникасымен танысады. Кейін үміткерлер топтық тапсырма орындап, жеке сұхбат құрып, практика сынағын тапсыруы керек.

Түлектер EASA Part-66 сертификатын алады

Бағдарлама уақыты — 5 жыл. Осы аралықта жас маман алдымен кіші механик, механик, техник болып, кейін инженер болады. Түлектер EASA Part-66 сертификатын және әуе технигінің лицензиясын алады.

Бес жылдық оқу жоспары мынадай:

  • маман бірінші жылы алғашқы күннен бастап ресми жұмысқа тұра алады. Білім алушы Астана және Алматыдағы ангарларда инженердің жетекшілігі арқылы практика меңгереді;
  • маман екінші-үшінші жылы өндірісте жұмыс істеп, теорияны оқып, EASA Part66 модулін тапсырады;
  • үшінші жылдан кейін бес жыл мерзімге міндетті жұмыс өтеу кезеңі басталады;
  • төртінші-бесінші жылы күрделі әрі ауқымды жұмыс істеп, тәжірибе жинап, халықаралық EASA Part-66 лицензиясын алады.

Бағдарламаның артықшылықтары мынадай:

  • әуе билетіне жеңілдік;
  • спорт зал, қонақүй мен мейрамханаға корпоратив жеңілдіктер;
  • лицензия алу үшін оқыту және емтиханға дайындық;
  • медициналық сақтандыру;
  • қызметтік тасымал;
  • жалақы;
  • басқа қаладан келген білім алушыларға үш жыл жатын орны беріледі.

Бір айта кетері, биыл Алматыда 5 қыркүйекте, Астанада 12 қыркүйекте бағдарлама бойынша Ашық ескі күндері өтеді. Қатысу үшін алдын ала тіркелу керек. Тіркелетін сілтеме Instagram-дағы @airastanagroup.careers парақшасына жарияланады.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram