Шымкентте психикалық дертке шалдыққан ІІ топтағы мүгедек әйелдің екі үйін сатуға қатысты дау сотта қаралды. Сот сенімхаттар мен олардың негізінде жасалған сату-сатып алу келісімдерін жарамсыз деп таныды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Әйел емделіп жатқан кезде мүлкі сатылған
Іс материалдары бойынша, құжаттар рәсімделген кезде әйел облыстық психикалық денсаулық орталығында стационарлық ем алып жатқан. Оның айтуынша, сенімхатқа қандай жағдайда қол қойғанын есіне түсіре алмайды және өз мүлкін сатуға ешқашан келісім бермеген.
Сот әйелдің атынан сенімхат арқылы әрекет еткен жауапкерлер оның тұрғын үйі, жер телімі мен пәтерін сатып жібергенін анықтады. Соның салдарынан ол баспанасыз қалып, туыстарының үйінде тұруға мәжбүр болған.
Сот барлық келісімді жарамсыз деп таныды
Сот-психиатриялық сараптама әйелдің 2019 жылдан бері психикалық ауруға шалдыққанын және сенімхатқа қол қойған кезде өз әрекетінің мәнін толық түсініп, оған жауап бере алмағанын растаған.
Осы дәлелдерді негізге алған сот сенімхаттарды және олардың негізінде жасалған сату-сатып алу шарттарын жарамсыз деп таныды. Нәтижесінде тараптар бастапқы құқықтық жағдайына қайтарылып, әйелдің мүліктік құқықтары толық қалпына келтірілді. Сот шешімі заңды күшіне енді.
