Басты бет / Жаңалықтар /
Air Astana, ұшқыш
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ab-Initio: Ұшқыш дайындайтын бағдарламаға қалай қатысуға болады?

Ұшаққа мінерде ұшқышты танымасақ та, діттеген жерге аман жетеміз деген сеніммен сапарға аттанамыз. Жолаушы сенімінің жүгі ауыр. Өйткені әуе кеңістігіндегі әр қызмет жауапкершілік пен кәсібилікті талап етеді. Сондықтан ұшқыштар  үздіксіз білім алып, тәжірибе жинайды. Ұшқыш болғысы келетін адам Ab-Initio бағдарламасына қатыса алады. Қазақстанда Air Astana әуе компаниясы үміткерді осы бағдарламаны оқуға Еуропаға жібереді.
Baribar.kz тілшісі Ab-Initio бағдарламасына қатысып, ұшқыш болған Азамат Қанатұлымен сұхбаттасты.

«Бала күннен транспорт айдауға қызығамын»

Азамат Қанатұлы — Air Astana әуе компаниясының Ab-Initio бағдарламасы арқылы Ирландияның Корк қаласындағы Atlantic flight training аcademy ұшу мектебінде білім алған ұшқыш.

ұшқыш
Азамат Қанатұлы / Фото: жеке архив

Бала күннен техникаға, транспорт айдауға қызығамын. Сол қызығушылық өсе келе мені ұшқыш болуға жетеледі. Бұл мамандық болмысыма сай келетін, жүрегіме жылу ұялататын сала деп білем. Ізденгенді, яғни бір орында тұрмай, әркез өзімді шыңдағанды жақсы көремін, — дейді Азамат.

Ұшқыш мамандығына басқа саладан келгендер де бар

Азамат ⁠Ab-Initio бағдарламасын оқушы кезінде еміс-еміс естіген. Содан соң достары мен әлеуметтік желіден толық ақпарат алып, студент кезінде бағдарламаға қатысқан. Ұшқыш мамандығына басқа саладан келген әріптестері де бар.

Мектепті бітірген соң Азаматтық авиация академиясына оқуға түстім. 2023 жылы, яғни 3-курс оқып жүргенімде бағдарламаға қатысу үшін өтінім жолдаған едім. Ақпан мен қыркүйек айлары аралығында іріктеуден өтіп, кейін Еуропаға аттандым. Бағдарлама аяқталған соң жұмыс істеп жүріп, оқуымды да аяқтадым, — дейді ұшқыш.

Іріктеуде үміткердің білімі мен болмысы бағаланады

Ұшқыштың айтуынша, іріктеуден өту үшін оқуға ден қойып, дайындыққа жеткілікті уақыт бөлу керек.

Іріктеу кезеңінде әр үміткердің білімі мен қабілеті бағаланады. Сонымен қатар компания адамның ішкі жігерін, болмысын танып, ұшқыш болуға шынайы қызығушылығын анықтайды. Себебі ұшқыш жауапкершілікті сезініп, тиянақты әрекет етуге тиіс. Салқынқанды әрі ұстамды мінез керек, — дейді Азамат.

ұшқыш
Фото: жеке архив

«Жеке ұшақ басқарған кезім — ерекше сәт»

Ұшқыштың сөзіне қарағанда, әртүрлі факторға, тіпті көңіл-күйіңе қарамастан, тұрақты түрде білім алу керек. Ол еңбек пен тұрақты әрекет түптен келгенде ақталады деп есептейді. Алғаш рет ұшақ ұшырғанда «әлі талай тер төгуім керек» деген ой келген.

Atlantic flight training аcademy-да 18 ай бойы оқыдым. Бізге білікті оқытушылар мен Корк халықаралық әуежайының мамандары ағылшын тілінде сабақ берді. Теорияны толық меңгеріп, 160 сағат практикалық білім алдым. Бір және екі қозғалтқышы бар ұшақтарды ұшырып, тәжірибем молайды. Есте қалған сәт өте көп. Емтиханды сәтті тапсырып, жеке ұшақ басқарған сәтім жадымда ерекше сақталып қалыпты. Елді мекеннің әуе картасын қолыма алып, ұшақты жалғыз ұшырған едім. Уотерфорд, Шэннон мен Корк қаласының әуежайларына ұшып бардым, — дейді ұшқыш.

Азамат Қанатұлы
Фото: жеке архив

Ұшқыштар 6 ай сайын жаттығуға қатысады

Азамат қазір Air Astana мен Fly Arystan әуе компанияларының Airbus A320/21 ұшағында екінші ұшқыш болып қызмет етіп жүр.

Ұшақта бағытымыз бен мақсатымыз ортақ болғандықтан, командирге де, екінші ұшқышқа да жауапкершілік жүктеледі. Екі ұшқыш сапардың қауіпсіздігін, қозғалтқыш пен ұшақтың көрсеткішін бақылауға тиіс. Әуе компаниясы күтпеген жағдайдың алдын алу үшін ұшқыштарға түрлі трениң пен жаттығу жобасын ұйымдастырады. Олар алты ай сайын техникалық ақау туындаса, әрекет ету машығын пысықтайды, — дейді Азамат.

Ab-initio бағдарламасына қалай өтінім беруге болады?

Ұшқыш болғысы келетін азаматтар 2008 жылдан бері Аir Аstana оқуға жіберетін Ab-initio бағдарламасы бойынша білім алып келеді. Оқу шығынын Аir Аstana компаниясы толық төлейді. Осы кезге дейін бағдарлама арқылы жалпы 307 түлек Еуропада оқып келді. Оның ішінде әйел ұшқыштардың саны — 12. Қазір жеті әйел жазғы мектепте білім алып жатыр.

Ab-initio бағдарламасына 18 бен 34 жас аралығындағы ерлер де, әйелдер де қатыса алады. Үміткердің төлқұжат мерзімі жарамды және Шенген визасының талабына сай болғаны жөн.

Бағдарламаның талабы мынадай:

  • 18 бен 34 жас аралығындағы Қазақстан азаматы болуы керек;
  • орта немесе шағын орта білімі болуы керек;
  • сотталмағанын растайтын анықтама керек;
  • үміткердің денсаулығы мықты болуы керек;
  • математика мен физикаға бейім және ағылшын тілін кемі Intermediate деңгейінде білуі шарт. 

Сонымен қатар IELTS 6.0 немесе TOEFL 79 сертификаты бар үміткердің іріктеуден өту мүмкіндігі артады. Сертификат болмаса, ағылшын тілінен 35 сұраққа жауап беріп, тест тапсыруы қажет. Тест Аir Аstana-ның Алматы мен Астанадағы кеңсесінде, басқа қаладағы үміткерлер үшін онлайн форматта өтеді. Іріктеуді EPST (European Pilot Selection & Training) ұйымы жүргізеді.

Іріктеуден өту үшін 4 тест тапсыру керек

SHL тесті үміткердің мәтінді талдау және цифр дерегін талдау қабілетін анықтауға бағытталған. Бұл кезеңде мәтін үзінділері, логикалық тапсырмалар мен математика есебі беріледі.

Compass тестінде ұшқышқа қажет негізгі қабілеттер бағаланады. Мысалы, үміткердің қол, көз бен аяқ қимылының үйлесімі, ойша есептеу машығы, есте сақтау, кеңістікті бағдарлау мен бір уақытта бірнеше істі орындау қабілетін тексереді.

CPP тесті (Computerized Pilot Personality) – авиация қызметкеріне қажет тұлғалық қасиеттер мен кәсіби құзыретті анықтауға арналған психологиялық тест. Compass пен CPP тестін тапсыруға үш сағат уақыт беріледі.

Техникалық тестіде мектеп бағдарламасындағы физика пәні бойынша сұрақтар келеді.

Курсант Ирландия мен Испания елінде оқиды

Бағдарлама арқылы оқу мерзімі — 18 ай. Болашақ ұшқыш Ирландияның Корк қаласы мен Испанияның Херес қаласындағы ұшу мектептерінде оқиды. Курсанттар халықаралық стандартқа сай замануи ұшақтарды ұшырып, теория мен тәжірибені ұштастырып, оқу кезінде шәкіртақы алады. Әр үміткердің бағдарламаға екі рет қатысып, бақ сынауға мүмкіндігі бар. 

Бағдарламаның бірнеше артықшылығы бар. Компания жазғы ұшу мектебінде білім алып жатқан болашақ ұшқыштың:

  • оқу ақысын төлейді;
  • жатын орын береді;
  • шәкіртақы беріп, оқуға барып-қайту билетін төлейді.

Сонымен қатар ұшқыш оқуды бітіріп, Қазақстанға оралған соң штатқа жұмысқа орналасады.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram