Басты бет / Әдебиет /
Халықаралық кітап сыйлай күні
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

40 жасқа дейін оқуға тиіс әлем әдебиетінің 10 үздік шығармасы

40 жасқа таяған кезде бұрыннан таныс шығармалар мүлде басқа қырынан ашылады. Бұл тек адамның өзгеруіне ғана байланысты емес. Бұл жасқа келгенде адам өмірден жеткілікті тәжірибе жинақтап, кітаптардағы бұрын аңғарылмаған ойлар мен терең астарды жаңаша түсіне бастайды. Әлем әдебиетінде назар аударуға тұрарлық туындылар өте көп болғанымен, біз 40 жасқа дейін міндетті түрде оқуға тиіс он шығарманы ұсынамыз.

«Тәкаппарлық пен жаңсақ пікір» («Гордость и предубеждение») — Джейн Остин

«Тәкаппарлық пен жаңсақ пікір» – әр буын оқырманын кітапқа ғашық ете алатын классикалық шығарма. Джейн Остиннің романында тартымды оқиғаға қажет дүниенің бәрі бар: Шұрайлы тілі, шынайы сомдалған кейіпкерлері және нәзік әзілге толы шығарма.

Джейн Остин шығармаларымен алғаш танысқалы отырсаңыз, дәл осы романнан бастаған жөн.

Роман басты кейіпкері Элизабет Беннет – махаббат, отбасының үміті мен қоғам қысымын түсінуге тырысатын зерек те тапқыр бойжеткен. Ол ауқатты әрі тәкаппар мистер Дарсимен танысқан кезде, алғашқыдағы бір-біріне деген салқын көзқарас уақыт өте келе шынайы сезімге және өзара терең түсіністікке ұласады.

«Құпия тарих» («Тайная история») — Донна Тартт

Шығармада Жаңа Англиядағы беделді колледжде оқитын дарынды, бірақ тұйық студенттердің тағдыры баяндалады. Олар ерекше харизмасы бар классикалық филология профессорының ықпалына түсіп, оның дүниетанымына қызыға бастайды.

Білімге құштарлық оларды моральдық шекарадан асырып, ақырында құпия, сатқындық пен қайғылы оқиғаларға алып келеді.

Бұл романды оқып шыққандар оны өмірдің ең қиын кезеңдерінде қолға алуға кеңес береді. «Құпия тарихтың» әлемі соншалықты бай әрі әсерлі болғандықтан, гедонизм мен эстетиканы сүйетін оқырманға таптырмас шығарма.

«Галаад» («Галаад») — Мэрилин Робинсон

Шығармада қартайған дін қызметкері Джон Эймс жас ұлына жазған хаттары арқылы отбасы тарихын, сенім мәнін, ұрпақтар арасындағы байланысты, құрбандық пен махаббат құндылығын саралайды.

Оқиға 1950 жылдардағы Айова штатында өрбиді. Роман әке мен бала арасындағы байланыс, өткеннің салмағы, адамның кемелсіз әлемнен мейірім мен өмір мәнін іздеуі сияқты мәңгілік тақырыптарды қозғайды.

Шығармада оқиға желісі аса қарқынды болмаса да, терең философиялық ойлары, күнделікті өмір сұлулығын әсерлі суреттегені үшін жазушы 2005 жылы Пулитцер сыйлығына ие болды.

«Же, дұға ет, сүй» («Есть, молиться, любить») — Элизабет Гилберт

Көпшілік бұл шығарманың Джулия Робертс түскен фильмін көрген шығар. Енді оның әдеби түпнұсқасын оқитын кез келді.

Элизабет Гилберт өз мемуарында ауыр ажырасудан кейін өмір мәнін іздеп, Италия, Үндістан және Индонезияға сапары туралы баяндайды.

Бұл – өзін тану, ішкі үйлесімге жету және өмірді жаңаша қабылдау жайлы әсерлі шығарма.

«Же, дұға ет, сүй» әйелдерді өзіне қамқор болуға, жаңа тәжірибелерден қорықпауға және өмірдегі белгісіздікті қабылдауға шабыттандырады.

«Шыны күмбез астында» («Под стеклянным колпаком») — Сильвия Плат

Сильвия Платтың бұл романы басты кейіпкер Эстер Гринвудтың психикалық денсаулықпен күресін шынайы әрі ашық баяндайды.

Кітап кез келген әйел өмірінде кездесуі мүмкін қиындықтарды суреттейді.

Жазушы психикалық денсаулықтың маңызын, өзіңе қамқор болуды және қажет кезде көмек сұраудан қорықпау керектігін еске салады. Бұл – шығарманың негізгі идеясы.

«Ақ көйлекті әйел» («Женщина в белом») — Уилки Коллинз

Готикалық детектив жанрындағы бұл классикалық шығарма құпияға, қастандыққа және тұлғаны алмастыруға құрылған.

Сюжет бойынша сурет пәні мұғалімі Уолтер Хартрайт граф Фоско мен сэр Персиваль Глайдтың Лора Фэрлидің мұрасын иемдену үшін оны жындыханаға қамау жоспарын әшкерелеуге тырысады.

Романның басты ерекшелігі – оқиғаның бірнеше кейіпкердің атынан баяндалуы. Бұл тәсіл әділдік жолындағы күресті жан-жақты ашып көрсетуге мүмкіндік береді.

«Үндістанға сапар» («Путешествие в Индию») — Эдвард Морган Форстер

Роман Үндістандағы ұлт-азаттық қозғалысының күшейген кезеңінде өрбиді.

Шығармада Англиядан келген миссис Мур мен Адела Куэстед шынайы Үндістанды танып-білуге тырысады. Олар дәрігер Азизбен танысып, оның ұйымдастыруымен Марабар үңгірлеріне барады.

Үңгір ішінде Адела қатты үрейге түсіп, кейін Азизді өзіне күш көрсетпек болды деп айыптайды. Бұл оқиға қоғамды екіге бөліп, нәсіл араздығын күшейтеді.

Дәрігер Азизге қатысты сот процесі романның шарықтау шегіне айналып, күтпеген шындықтың ашылуына себеп болады.

«Мидлмарч» («Мидлмарч») — Джордж Элиот

Роман оқиғасы XIX ғасырдағы Мидлендс өңіріндегі шағын қалада өрбиді. Бұл кезеңде қала тұрғындары үлкен қоғамдық өзгерістерді бастан кешіреді. Саяси реформалар, теміржол құрылысы мен ғылыми жаңалықтар қала тұрғындарының өміріне әсер етеді.

Осы өзгерістер аясында қарапайым адамдардың тағдыры сипатталады. Қалаға екі бейтаныс адамның келуі қалыптасқан тыныш өмірді одан әрі өзгертеді.

«Мидлмарч» – адамның өзін тануы мен өмірлік таңдаулары туралы гуманистік әрі шынайы шығарма.

«Hi-Fi» («Hi-Fi») — Ник Хорнби

Роб – музыкаға құмар, пластинка дүкені иесі. Сүйіктісі Лора оны басқа жігіт үшін тастап кеткен соң, Роб өз өмірін қайта саралай бастайды.

Экцентрик әріптестерімен араласып, сәтсіз махаббат хикаяларын бастан өткергеннен кейін ол Лорамен қайта кездеседі.

Сол кезде Роб отбасы, неке және қарапайым тыныш өмірдің де өзіне тән бақыты бар екенін түсіне бастайды.

Бұл роман желісі бойынша 2000 жылы Джон Кьюсак пен Лиза Боне түскен «Фанатик» фильмі, ал 2020 жылы Зои Кравиц ойнаған «Меломанка» мини-сериалы түсірілді.

«Парасат дәлелдері» («Доводы рассудка») — Джейн Остин

Джейн Остиннің тағы бір әйгілі романы.

27 жастағы Энн Эллиот өзін махаббаттан үміті азайған әйел ретінде сезінеді. Сегіз жыл бұрын құрбысы Леди Расселдің кеңесімен ол байлығы мен жоғары дәрежесі жоқ теңіз капитаны Фредерикпен арадағы некесін бұзған еді.

Оқиға Лайм-Реджис пен Бат қалаларындағы жоғары қоғамда өрбиді. «Парасат дәлелдері» – тәкаппарлық пен жасандылықты әжуалайтын өткір сатира ғана емес, ең алдымен екінші мүмкіндік пен мәңгілік махаббат туралы әсерлі шығарма.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok