Басты бет / Жаңалықтар /
Маңғыстау жерасты мешіті
Фото: Сыртқы істер министрлігі

Маңғыстаудағы 5 жерасты мешіті ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра тізіміне енді

Маңғыстаудағы тарихи жерасты мешіттер ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра тізіміне ресми түрде енді. Шешімді дүниежүзілік мұра комитеті Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өтіп жатқан 48-сессияда қабылдады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Тізімге Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата және Сұлтан Үпі бес тарихи нысаны енді.

Ерлан Қаринның айтуынша, бұл Қазақстанның мәдени мұрасы үшін маңызды оқиғаның бірі. Себебі еліміздің төл мәдени нысандары ЮНЕСКО-ның беделді тізіміне соңғы рет 2004 жылы кірген.

Жерасты мешіттерін ЮНЕСКО тізіміне қосу жұмысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен басталған. Президент бұл тапсырманы 2024 жылы Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында берген.

Қазақстан делегациясы дүниежүзілік мұра комитетінің сессиясында Маңғыстаудағы жерасты мешіттерінің діни орын ғана емес, тарихи кезеңдерде білім мен ағартушылықтың да орталығы болғанын айтты.

ЮНЕСКО-ның бағалауынша, бұл нысандар ғасырлар бойы қалыптасқан рухани, мәдени және сәулет дәстүрлерінің бірегей үлгісі.

Тарихи нысандардың ЮНЕСКО тізіміне енуі Қазақстанға халықаралық деңгейде назар аудартып, елдегі туризмнің дамуына жаңа мүмкіндік береді. Сонымен қатар тарихи орындардың инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруға жол ашылады, — дейді Ерлан Қарин.

Қазақстанның мәдени мұрасын халықаралық деңгейде таныту жұмыстары алда жалғасады. Президент тапсырмасы бойынща, ЮНЕСКО тізіміне басқа да ұлттық нысандарды енгізу жоспарланып отыр. Олардың қатарында Жаркент мешіті, Алматыдағы Вознесенск кафедралды шіркеуі, Қаратау петроглифтері және Абайдың «Қара сөздері» бар.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok