Қазақстан адам дамуы индексі (HDI) бойынша ТМД және Орта Азия елдері арасында ең жоғары нәтижеге жетті. Бұл туралы БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) 2025 жылғы Адам дамуы туралы баяндамасында айтылған.
2023 жыл деректеріне негізделген есепте Қазақстан 193 мемлекет пен аумақ ішінде 60-орынға жайғасты. Елдің адам дамуы индексі 0,837 болып, адам дамуы деңгейі өте жоғары мемлекеттер санатына енді.
Адам дамуы индексі дегеніміз не?
Адам дамуы индексі (HDI) – мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін бағалайтын негізгі халықаралық көрсеткіштердің бірі. Индекс үш негізгі бағыт бойынша есептеледі:
- халықтың өмір сүру ұзақтығы;
- білім деңгейі (оқудың болжамды және орташа ұзақтығы);
- жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табыс.
Индекс 0 мен 1 аралығында бағаланады. Көрсеткіш 0,800-ден жоғары болса, ел адам дамуы деңгейі өте жоғары мемлекеттер қатарына енгізіледі.
Қазақстан көрсеткіштері
БҰҰДБ мәліметінше, Қазақстанда:
- өмір сүрудің болжамды ұзақтығы – 74,4 жас;
- оқудың болжамды ұзақтығы – 14 жыл;
- оқудың орташа ұзақтығы – 12,5 жыл;
- сатып алу қабілетінің паритеті бойынша жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табыс – 30 989 АҚШ доллары.
Бұл көрсеткіштер Қазақстанның аймақтағы көшбасшы орнын сақтап отырғанын көрсетеді.
Басқа елдер нешінші орында?
ТМД елдері арасында Қазақстаннан кейін:
- Ресей – 64-орын (0,832);
- Беларусь – 65-орын (0,824);
- Армения – 69-орын (0,811).
Бұл үш мемлекет те адам дамуы деңгейі өте жоғары елдер қатарына енген.
Ал Орта Азия елдері арасында рейтиң мынадай:
- Түрікменстан – 0,764;
- Өзбекстан – 0,740;
- Қырғызстан – 0,720;
- Тәжікстан – 0,691.
Тәжікстан адам дамуының орташа деңгейіндегі мемлекет ретінде бағаланған.
Қазақстан орташа көрсеткіштен жоғары
2023 жылдың қорытындысы бойынша әлемдегі адам дамуы индексінің орташа мәні 0,756. Еуропа мен Орта Азия өңірінде бұл көрсеткіш – 0,818.
Ал Қазақстан көрсеткіші 0,837 болып, әлемдегі орташа деңгейден де, өңірдегі орташа көрсеткіштен де жоғары нәтиже көрсетті.
Кейінгі 30 жылдағы өсім
БҰҰ мәліметіне сәйкес, Қазақстанның адам дамуы индексі 1990 жылдан бері тұрақты өсіп келеді. 1990 жылы көрсеткіш 0,689 болса, 2023 жылы 0,837-ге дейін көтерілген. Бұл – шамамен 21,5 пайыз өсім.
Пандемия жылдарында индекс аздап төмендегенімен, кейін қайта қалпына келді. Атап айтқанда, 2021 жылы көрсеткіш 0,816, 2022 жылы 0,831, ал 2023 жылы 0,837 болды.
БҰҰ ескертуі
БҰҰ Даму бағдарламасы адам дамуы индексі елдің жалпы даму деңгейін көрсеткенімен, өңірлер арасындағы немесе халықтың түрлі әлеуметтік топтары арасындағы айырмашылықтарды толық қамтымайтынын атап өтті. Сондықтан сарапшылар бұл көрсеткішті басқа әлеуметтік және экономикалық индикаторлармен бірге қарастыру қажет екенін айтады.
