Қазақстандағы мемлекеттік колледждер енді оқу процесінен тыс уақытта спорт нысандарын жалға бере алады. Бұл мүмкіндік «Білім туралы» заңға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде жүзеге асып отыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Тиісті түзетулер «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң аясында қабылданды.
Бұған дейін мұндай құқық тек жалпы орта білім беру ұйымдарына ғана берілген еді. Енді колледж спорт залдары, бассейндері, стадиондары және басқа да спорт нысандары сабақ аяқталғаннан кейін тұрғындардың пайдалануына ұсынылады.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, спорт нысандарын жалға беруден түскен қаражат колледждердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға жұмсалады. Атап айтқанда, қаржы спорт нысандарын күтіп ұстауға және жөндеуге, заманауи спорт құрал-жабдықтарын сатып алуға бағытталмақ.
Ведомствоның хабарлауынша, қабылданған өзгерістер мемлекеттік колледждердің спорт инфрақұрылымын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және азаматтардың дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді.
Осылайша, колледждердің спорт инфрақұрылымы тек студенттерге ғана емес, сабақтан тыс уақытта жергілікті тұрғындарға да қолжетімді болады.
