Өзге ұлт баласын қалай тәрбиелейді?

Осы орайда қазақ халқы: «Қызға қырық үйден тыю», «Әке тұрып ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без» деп бекер айтпаса керек-ті. Сондықтан да, ата-бабаларымыз бала тәрбиесіне өте ізеттілікпен қараған. Қашанда ата-анамыз, сенімді сырлас, ақылдарымен алға жетелеген қамқоршымыз бола білген. Елінің ертеңін ойлайтын азамат, тұлға қылып өсірген. Бұл біздің ұлттық тәрбиеміз. Ал, сіз білесіз бе? Өзге ұлт баласын қалай тәрбиелейді?

Жапонияның балалары түскі астарын үйден арнайы ыдысқа салып әкеледі. Ал, мұғалімдер болса, балалардың үйден әкелген тамақтары денсаулыққа зиян емес пе, соны мұқият қадағалайды. Сол себепті, жапон аналар арнайы сабақтарға қатысады. Ол жерде баланың ағзасына қажетті дәрумендер тамақпен сіңу үшін, қандай ас әзірлеу керек және қалай даярлау керектігін түсіндіріп, үйретеді.

Үндістер балаларын қатаң ұстайды. Оларда ата-ана мен бала арасындағы достық қарым-қатынасты өте сирек кездестіресіз. Балалар кішкентай кезінен бастап ата-анасының таңдауына, қалауына мойынсұнып өседі. Сондықтан, ержеткенде немесе бойжеткенде әке-шешесі кімді қалайды, сол адаммен бас қосады.

Қытайдың балалары Дао уағызшыларының бала туралы өсиеті әрбір қытай бүлдіршініне аңыз болып айтылады. «Балаға тәтті жеуді ұсынғанда, ол барлығын алудан ақылдылықпен бас тартады. Неге деген сұраққа: «Мен әлі кішкентаймын, сондықтан маған аз ғана бөлігі жетеді», деп түсіндіреді. Баланың осы қылығын барлық қытай перзентіне үлгі етеді, баламыз қанағатшыл, мейірімді, адамгершілігі жоғары болып өссін, дегені.

АҚШ балалары жергілікті педагогика «әрбір бала өз бетінше өмір сүріп үйрене алу керек» деген ұстанымды қолданады. Сондықтан, американдық ата-аналар балаларының қалауына қарсы шыға алмайды. Олар мейрамханаға, коктейлге, тіпті түнгі клубқа барамын, десе де, ата-аналар ертіп апарады.

Африка балаларына (Масай тайпасы) өздерінше өмір сүру кестесі жасалып қойылған. Он бес жасында ұлдар «маран» атанады. Бұл — әскери шен. Яғни, ол — осы жасынан тайпаны қорғаушы ержүрек азамат. Отыз жасында отбасын құрады және бала-шағасын асырау үшін, өз алдына табын-табын мал бағады. Қырық бес жасында жастарды тәрбиелеумен айналысады, сонымен бірге тайпа халқы үшін жауапты шешімдер қабылдайды. Ал, алпыс жасында тайпаның «рухани көсемі» болады.

Әрине, әр елдің салт-дәстүрі, сана-сезімі, тәлім-тәрбиесі әртүрлі. Дегенмен ең бастысы баламызға ыстық ұямен шексіз махаббат жылуын сыйлай білейік!