Қазақстан Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 16,75%-ке дейін, яғни 25 базистік тармаққа төмендету туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.
Оның айтуынша, шешім инфляция қарқыны, оған әсер етіп отырған факторлар және тәуекелдер ескеріле отырып қабылданған.
Ұлттық Банк мәліметінше, жылдық инфляция тоғыз ай қатарынан баяулап келеді. Инфляциялық қысымның төмендеуіне ақша-кредит саясаты, теңге бағамының нығаюы, тұтынушылық сұраныстың тұрақтануы және Үкімет пен Ұлттық Банктің инфляцияға қарсы қабылдаған шаралары ықпал еткен.
Реттеуші инфляция тәуекелдерінің толық жойылмағанын атап өтті. Баға өсіміне әсер ететін жекелеген факторлар сақталып отыр, ал халық арасында инфляцияның жоғары болатынына қатысты алаңдаушылық әлі де басым.
Маусым айында жылдық инфляция 10,4%-тен 10,3%-ке дейін төмендеді. Азық-түлік инфляциясы да бәсеңдегенімен, сервис инфляциясы реттелмейтін қызметтердің қымбаттауына байланысты 9%-ке дейін өсті.
Ұлттық Банк бензин бағасының ықтимал өсуі инфляцияға қосымша қысым түсіруі мүмкін екенін де ескертті. Себебі жанар-жағармай бағасының қымбаттауы тасымал және өндіріс шығындарының артуына әсер етеді.
Халықтың инфляцияға қатысты болжамы 13,4% деңгейінде қалып отыр. Азаматтар жанар-жағармай, коммуналдық қызметтер, азық-түлік бағасы мен қосылған құн салығының ықтимал әсеріне алаңдаушылық білдірген.
Ұлттық Банк дерегінше, биыл қаңтар-маусым айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,1%-ке өсті. Құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік және сауда салаларында жоғары өсім байқалған.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар алты айда 9,6%-ке артқан. Тұтынушылық кредиттеу де қалыпты өсім көрсетіп отыр.
Сыртқы факторларға тоқталған Ұлттық Банк Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістің, әлемдегі инфляция қысымының және мұнай нарығындағы белгісіздіктің сақталып отырғанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне шамамен 100 доллар.
Ұлттық Банк алдағы уақытта базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер алдын ала белгіленбейтінін атап өтті. Олар инфляцияның, ішкі сұраныстың, инфляцияға қатысты болжамның, жанар-жағармай бағасының және басқа да экономика көрсеткіштерінің өзгерісіне қарай қабылданады.
Негізгі мақсат баға тұрақтылығын қамтамасыз етіп, инфляцияны 5%-ке дейін төмендету екенін мәлімдеді.
