2026 жылғы 1 желтоқсанда «Қалқаман» метросы ашылады. BCN Group филиалының бас инженері Алмас Бимендин бұл метроның құрылысына 50 миллиард теңге кеткенін айтты. Мұны Baribar.kz хабарлап отыр.
Қазір «Қалқаман» метросында құрылыстың соңғы жұмыстары жүріп жатыр. Метро ашылған соң тағы үш бекет салынбақшы. Билік оған, шамамен 240 миллиард теңге кетеді деп жоспарлап отыр.
«Алтын орда» базары аймағында соңғы бекет «Барлық» бекеті болады. Алатау даңғылына екі бекет түседі. Осы үш бекетке, меніңше, 240 миллиард теңге қарастырылған, — деді BCN Group филиалының бас инженері Алмас Бимендин.
Оның айтуынша, алдағы үш бекеттің құрылыс жобасы мемлекет сараптамасынан өтіп, оң қорытынды берілген. Үш бекетті салу биыл басталса, 2029 жылы бітуі мүмкін.
Қаржы тұрақты бөлініп отырса, жер уақтылы сатып алынса, үш бекетті салуға, шамамен 3-3,5 жыл уақыт кетеді.
Қала билігі «Жібек жолы» бекетінен әуежайға дейін, «Орбита» шағын ауданынан Горький саябағына қарай және тағы бірнеше метро бекетін салуды қарастырып жатыр, — дейді Алмас Бимендин.
