Алматы метросындағы «Райымбек» станциясында жолаушының сөмкесінен пышақ пен кісен табылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Оқиға метро полициясы қызметкерлері мен көлік қауіпсіздігі қызметінің бірлескен тексеруі кезінде анықталған. Рентген-телевизиялық қондырғы арқылы тексеру барысында жолаушылардың бірінің сөмкесінен пышақ және арнайы құрал – кісен табылған.
Осыдан кейін ер адам ұсталып, мән-жайды анықтау үшін Алматы қаласы Жетісу аудандық полиция басқармасының қызметкерлеріне тапсырылды.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, ұсталған азаматтың әрекетіне құқықтық баға беретін болады.
