Ақтөбеде дәмхана келушісінің телефонын ұрлады деген күдікпен ер адам ұсталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға қаладағы дәмханалардың бірінде болған. Келуші алкоголь ішкеннен кейін үстел басында ұйықтап қалған. Осы сәтті пайдаланған белгісіз ер адам оның жанындағы үстелде жатқан ұялы телефонды жасырын алып, оқиға орнынан бой тасалаған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны полиция бөліміне жеткізді.
Аталған дерек бойынша ұрлық фактісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері Ақтөбе облысында ұялы телефон ұрлығының 117 дерегі тіркелген.
Осыған байланысты тәртіп сақшылары азаматтарды жеке мүлкінің қауіпсіздігіне мұқият қарауға шақырды. Олар қоғамдық орындарда телефонды қараусыз қалдырмауға, оны үстелге немесе көпшілік көретін жерге қоймауға, алкогольдік ішімдіктерді шамадан тыс тұтынбауға, телефонды ішкі қалтада немесе жабылатын сөмкеде сақтауға кеңес береді.
Телефон жоғалған жағдайда, уақыт оздырмай полицияға хабарласу қажет.
