Маңғыстау облысы полиция департаментінің инспекторы Нұрбек Закарин джиу-джитсудан өткен Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, құрлық чемпионы атанды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Азия чемпионатында Contact дисциплинасы бойынша 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен полиция қызметкері барлық белдесуін сәтті өткізіп, қарсыластарынан басым түсіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Ведомствоның мәліметінше, бұл жеңіс – спортшының көп жылғы еңбегі, үздіксіз дайындығы мен жоғары кәсіби шеберлігінің нәтижесі.
Нұрбек Закарин – джиу-джитсудан Қазақстан чемпионы, осы спорт түрінен Қазақстан Республикасының спорт шебері, қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері. Ол бұған дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті кубогының, Ішкі істер министрлігі кубогының және Төтенше жағдайлар министрлігі кубогының жеңімпазы атанған.
Спортшы армиядағы қоян-қолтық ұрыстан өткен әлем чемпионатында күміс және қола жүлделерге ие болған.
Б. Бейсенов атындағы Қазақстан Республикасы ІІМ Қарағанды академиясының түлегі бүгінде ішкі істер органдарындағы қызметін кәсіби спортпен қатар алып жүр. Ведомство оның бұл жетістігі тәртіп, табандылық пен өз ісіне адалдықтың арқасында қызметте де, халықаралық спорт аренасында да жоғары нәтижеге жетуге болатынын көрсететінін атап өтті.
