Алматы облысында автосалон арқылы көлігін сатуға тапсырған 30-дан астам Қазақстан азаматы алаяқтықтың құрбаны болғанын мәлімдеді. Зардап шеккендердің айтуынша, компания көлікті нарықтағы бағамен қысқа мерзімде сатып, ақшасын бірнеше күн ішінде аударамыз деп уәде берген. Алайда көліктер сатылғанымен, иелеріне қаражат берілмеген.
Жәбірленушілердің бірі Асхат Қарақұлдың айтуынша, ол компанияны әлжелі арқылы тапқан.
«Маған көлігімді 12,2 миллион теңгеге сатып, ақшасын 3-4 күнде аударамыз деді. Кейін келісімшарттағы 14 күндік мерзімді сылтау етіп, үнемі күте тұруымды сұрады. Содан бері бірнеше ай өтті», – дейді ол.
Зардап шеккендердің сөзінше, олар көліктерін автосалонға тапсырғаннан кейін-ақ көліктер компания директорының атына қайта рәсімделген. Кейін олардың бірқатары бірнеше рет қайта сатылған немесе ломбардқа қойылған.
Жәбірленуші Валерий Лаврик жағдайға алаңдайтынын айтты.
«Мен мұнда 2015 жылғы Kia K7 көлігімді қалдырдым. Нарықтағы бағасы шамамен 10 миллион теңге. Сол күннен бері көлікті көрген жоқпыз. Қолымызда оның үш реттен көп қайта тіркелгенін дәлелдейтін құжаттар бар. Алғашқы болып автосалон директорының атына рәсімделген», – дейді ол.
Жәбірленушілердің айтуынша, кейбір көліктер әлі күнге дейін автосалон аумағында тұр. Алайда иелеріне оларды алып кетуге немесе жақындауға мүмкіндік берілмей отыр.
Олардың пікірінше, бұл жағдайдан зардап шеккендердің саны ресми мәліметтен әлдеқайда көп болуы мүмкін. Қазіргі уақытта көлік иелері құқық қорғау органдарына арыз беріп, келтірілген шығынның өтелуін күтіп отыр.
Ал Алматы облыстық полиция департаменті аталған факті бойынша аса ірі көлемдегі алаяқтық бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады.
Ведомствоның ресми өкілі Ернар Сайдильдиннің мәліметінше, күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазір істің барлық мән-жайын анықтау үшін арнайы тергеу-жедел тобы құрылып, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Полиция тергеу барысы Алматы облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында екенін атап өтті. Ал жәбірленушілер тергеу әділ аяқталып, жоғалтқан қаражаттарын қайтарып алады деп үміттеніп отыр.
