Әлжелілерде «Жол жүрісі туралы» заңға енгізілген өзгерістерге байланысты жүргізушілерге жаңа талаптар қойылғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі заңдағы түзетулерге қатысты түсініктеме беріп, азаматтарды алаңдамауға шақырды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Медициналық тексеру – бұрыннан бар талап
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Каринаның айтуынша, жүргізушілердің міндетті медициналық тексеруден өтуі – жаңа талап емес. Оның сөзінше, бұл норма 2014 жылдан бері «Жол жүрісі туралы» заңда көзделген.
«Қазір Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелері өзара біріктірілді. Соның арқасында міндетті медициналық тексеруден өткені туралы мәліметтер екі министрліктің жүйелері арасында автоматты түрде беріледі», — деді Құралай Карина.
65 жастан асқан жүргізушілерге не өзгереді?
ІІМ мәліметінше, 65 жастан асқан азаматтар мен мүгедектігі бар жүргізушілер бұрынғыдай екі жылда бір рет медициналық тексеруден өтеді. Оның нәтижесі автоматты түрде жүйеге түседі.
«Сондықтан ешқандай қосымша анықтама жинаудың немесе мемлекеттік органдарға барып жүрудің қажеті жоқ. Сондай-ақ жүргізуші куәлігінің мерзімін ұзарту немесе бұл туралы ІІМ-ге жеке хабарлау талап етілмейді. Азаматтарға алаңдауға еш негіз жоқ. Ешқандай жаңа талап немесе артық құжат рәсімдеу енгізілген жоқ. Барлығы бұрынғыдан да ыңғайлы және қарапайым түрде», деді Құралай Карина.
Жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылады
ІІМ әлеуметтік желілерде тексерілмеген ақпараттың таралуына да тоқталды. Ведомство блогерлер мен ақпараттық парақша әкімшілеріне жалған мәлімет таратқаны үшін заңмен жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
Министрлік азаматтарды тек ресми мемлекеттік органдардың ақпаратына сенуге шақырып, қажет болған жағдайда қосымша түсіндірме беруге дайын екенін мәлімдеді.
