Басты бет / Қоғам /
Дауыс беру, референдум
Фото: zakon.kz

Азаматтардың 70,3%-ы Құрылтай сайлауында дауыс беруге ниетті – телефон арқылы сауалнама

Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтардың басым бөлігі 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысуға дайын.

Зерттеу 2026 жылғы 8-20 шілде аралығында еліміздің барлық өңірлерінде – 17 облыс пен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жүргізілді. Телефон арқылы өткен сауалнамаға 1200 респондент қатысты. Іріктеу Қазақстанның 18 жастан асқан тұрғындарының жынысы, жасы, тұрғылықты жері және өңірлік құрылымы бойынша ұлттық көрсеткіштерді қамтыды.

Сайлауға қатысуға ниеттілер – 70,3%

«Сіз 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысуды жоспарлап отырсыз ба?» деген сұраққа респонденттердің 70,3%-ы сайлау учаскесіне барып, дауыс беруге ниетті екенін айтты.

Ал сауалнамаға қатысқандардың 23,3%-ы сайлауға қатысуды жоспарламайтынын білдірсе, 6,4%-ы әзірге нақты шешім қабылдамаған.

Зерттеу нәтижесі қала мен ауыл тұрғындарының электоралдық белсенділігі арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ екенін көрсетті. Екі топтың сайлауға қатысуға дайындығы арасындағы алшақтық шамамен екі пайызды ғана құрады.

Ең белсенді сайлаушылар анықталды

Сауалнамаға сәйкес, сайлауға қатысуға ең жоғары дайындық 46–60 жас аралығындағы азаматтар арасында байқалған. Бұл көрсеткіш 18–28 жас аралығындағы жастармен салыстырғанда шамамен 10 пайызға жоғары.

Сонымен қатар әйелдердің дауыс беруге қатысуға дайындығы ерлерге қарағанда 5 пайызға жоғары екені анықталды. Ал жоғары және аяқталмаған жоғары білімі бар азаматтар электоралдық белсенділігі ең жоғары топ ретінде тіркелген.

Партиялық рейтингте «Әділет» көш бастап тұр

Респонденттерден алдағы сайлауда қай партияға дауыс беруді жоспарлайтыны да сұралды.

Зерттеу нәтижесі бойынша:

  • «Әділет» партиясы64,8%;
  • «Ауыл» партиясы5,4%;
  • Respublica4,8%;
  • «Ақ жол» партиясы4,7%;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП)3,3%;
  • Қазақстанның Халық партиясы (ҚХП)3,1%;
  • «Байтақ» жасылдар партиясы0,8%.

Сауалнама авторларының мәліметінше, «Әділет» партиясы барлық әлеуметтік топтарда көш бастап тұр, ал оның жақтастарының арасында жастардың үлесі жоғары.

«Ауыл» партиясын қолдайтындардың үлесі ауылдық жерлерде қала тұрғындарына қарағанда шамамен бір жарым есе көп екені анықталған.

Respublica партиясын негізінен қалалық жерде тұратын ер азаматтар қолдаса, «Ақ жол» партиясының әлеуетті сайлаушыларының басым бөлігін ауылдық жерлердегі ересек тұрғындар құрайды.

Ал ЖСДП-ны қолдайтындардың арасында кәсіптік-техникалық білімі бар азаматтар көбірек болса, Қазақстанның Халық партиясына дауыс беруге ниеттілер қатарында ең жас және ең егде жастағы сайлаушылар басым.

10,9% әлі нақты таңдау жасамаған

Телефон арқылы жүргізілген сауалнама барысында респонденттердің 2,2%-ы сайлау бюллетеніндегі «Барлығына қарсы» нұсқасын таңдауға ниетті екенін айтқан.

Сонымен бірге қатысушылардың 10,9%-ы әлі нақты партияны таңдамаған немесе бұл сұраққа жауап беруге дайын емес екенін көрсеткен.

Қазақстандық қоғамдық даму институтының бағалауынша, зерттеу нәтижелері сайлау науқаны басталған кезеңде азаматтардың электоралдық таңдауы әлі де қалыптасу үстінде екенін көрсетеді. Сарапшылар партиялардың ақпараттық-түсіндіру және жұмылдыру жұмыстары сайлаушылардың саяси таңдауы мен ұстанымына елеулі ықпал ететін негізгі факторлардың бірі болып отырғанын атап өтті.

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram