Қазақстан азаматтары енді ұялы байланыс операторларынан келетін жарнама хабарламаларын өз қалауынша өшіре алады. Тамыз айының соңында күшіне енетін жаңа нормалар абоненттерге байланыс операторларының кейбір қосымша қызметтерінен бас тарту құқығын береді. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев мәлімдеді.
Жарнама хабарламаларынан бас тартуға болады
Жаңа өзгерістің негізгі бөлігі байланыс операторлары жолдайтын жарнама және ақпарат хабарламаларына қатысты.
Заң күшіне енгеннен кейін абонент мұндай хабарламаларды алудан ресми бас тарта алады. Қазір министрлік бұның қалай жұмыс істейтінін айқындайтын заңға тәуелді норматив актілерін әзірлеп жатыр.
Бұл – пайдаланушылар көптен күткен өзгеріс. Себебі ұялы байланыс операторларынан келетін жарнама SMS-хабарламалары мен түрлі маркетиң ескертулерге қатысты шағымдар бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Бұған дейін олардан толық бас тарту мүмкін болмаған немесе өте қиын еді.
Жаңа тәртіп толық іске қосылса, жарнама хабарламаларын алу міндетті қызмет емес, абонент қалауы болады.
Автоматты кері қоңырау орнына SMS келеді
Тағы бір өзгеріс автодозвон қызметіне қатысты.
Бұған дейін қоңырау шалған кезде оның телефоны бос болмаса немесе желіден тыс болса, кейін ол желіге қосылған сәтте оператор автоматты түрде қысқа қоңырау шалатын. Көпшілік мұндай «бос қоңырауларды», әсіресе түнгі уақытта жиі алатын еді.
Вице-министрдің айтуынша, жаңа нормалар күшіне енгеннен кейін мұндай автоматты қоңыраулар тоқтатылады. Оның орнына абонентке қарапайым SMS-хабарлама жолданады.
Айта кетейік, қазірдің өзінде ірі байланыс операторларының көпшілігі бұл қызметтен біртіндеп бас тартып, оның орнына SMS-хабарламаларын пайдаланып келеді. Енді бұл барлық операторға ортақ ереже ретінде бекітілмек.
Өзгерістер себебі
Досжан Мұсалиевтің айтуынша, Қазақстан азаматтары дәл осы мәселелерді айтып, жиі шағымданған.
Әсіресе, түнгі уақытта бірнеше сағат бұрын шалынған қоңырауға байланысты телефонның қайта шырылдауы тұрғындарды наразы еткен.
