Басты бет / Жаңалықтар /
Google Гугл
Google Фото: Solen Feyissa/Unsplash

Google аккаунтына енді видеоселфи арқылы кіруге болады

Google компаниясы пайдаланушының жеке басын растаудың және аккаунтқа кірудің жаңа тәсілін ұсынды. Енді сервис құпиясөзін ұмытып қалған жағдайда аккаунтқа қысқа видеоселфи арқылы кіруге болады.

Ол үшін пайдаланушы бет-әлпетін көрсетіп, қысқа бейнеролик түсіреді. Кейін жүйе оны алдын ала сақталған эталон видеомен салыстырып, жеке басын растайды.

Жаңа функцияны баптау кезінде смартфон немесе компьютер камерасына қарап, экран нұсқауларына сәйкес басын бірнеше бағытқа бұру қажет. Осылайша Google пайдаланушының бетін әртүрлі ракурстан түсіреді.

Бұл процесс Apple құрылғыларындағы Face ID баптауына ұқсайды. Алайда оған инфрақызыл датчиктердің қажеті жоқ.

Эталон видеоселфи Google бұлт жүйесінде шифрланып сақталады. Соның арқасында пайдаланушының жеке басын растау белгілі бір құрылғыға байланыстырылмайды. Қажет болған жағдайда сақталған бейнежазбаны аккаунт баптаулары арқылы кез келген уақытта өшіруге болады.

Видеоролик тек аккаунтқа кіру үшін пайдаланылады. Қалаған жағдайда пайдаланушы Google-ға оны қосымша мақсаттарға қолдануға да рұқсат бере алады. Алайда компания оның нақты қандай мақсаттар екенін әзірге нақтыламады.

Google компаниясының мәліметінше, жүйеде фотосуреттер мен дипфейктердің көмегімен алдауға жол бермеу үшін бірнеше деңгейлі қорғаныс қолданылады. Сервис күмәнді кіру әрекеттерін анықтайтын стандарт қауіпсіз жүйелерін пайдалануды жалғастырады.

Жаңа мүмкіндік әлем елдерінде кезең-кезеңімен іске қосылып жатыр. Сондықтан оны әзірге барлық пайдаланушы қолдана алмайды. Функцияның аккаунтта пайда болғанын арнайы бет арқылы тексеріп, бірден баптауға болады.

Дереккөз: Lifehacker.ru

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok