Шетелде саяхаттағанда көлік жалдап, елді өз бетіңше аралау — ыңғайлы тәсілдің бірі. Алайда жолға шығар алдында бір нәрсені анықтап алған жөн: Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігі барған елде жарамды ма? Кей мемлекетте ұлттық куәлік жеткілікті болса, кейбірінде халықаралық жүргізуші куәлігі немесе құжаттың ресми аудармасы қажет болуы мүмкін.
Baribar.kz қай елдерде Қазақстанның жүргізуші куәлігі жарамды екенін білді.
Қазақстанның жүргізуші куәлігі шетелге жарай ма?
Қазақстанның ұлттық жүргізуші куәлігі бірқатар мемлекетте көлік айдауға мүмкіндік береді.
1968 жылғы жол қозғалысы туралы Вена конвенциясы бойынша, оған мүше мемлекеттер басқа елдің ұлттық жүргізуші куәлігін мойындайды. Конвенцияда ұлттық жүргізуші куәлігі белгіленген форматқа сай келмесе, қосымша ресми аударма қажет болуы мүмкін екені де көрсетілген.

Сондықтан Қазақстан азаматы Еуропа, Орталық Азия және басқа да конвенцияға мүше елдерде ұлттық жүргізуші куәлігімен көлік айдай алады.
Халықаралық жүргізуші куәлігі қай кезде керек?
Халықаралық жүргізуші куәлігі (ХЖК)— ұлттық жүргізуші куәлігінің халықаралық нұсқадағы ресми аудармасы. Ол ұлттық куәлікті алмастырмайды және қосымша құжат ретінде жүреді.
- Құжат сұр түсті A6 форматындағы шағын кітапша түрінде болады, мұқабасында International Driving Permit деген жазу бар. Оның ішінде жүргізушінің жеке дерегі, көліктің санаты мен құжаттың жарамдылық мерзімі көрсетіледі. Құжатта ақпарат БҰҰ-ның сегіз ресми тілінде, яғни ағылшын, француз, испан, орыс, араб, қытай, неміс және португал тілінде жазылады. Нәтижесінде кез келген елдегі жол полициясы құжаттағы ақпаратты өзіне түсінікті тілде оқи алады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ХЖК шетелде көлік жалға алғанда, жеке көлікпен шекара асқанда, жол полициясына құжат ұсынғанда немесе сақтандыру рәсімдегенде қажет болуы мүмкін. Полицейлер мұндай құжатты жеке компаниялардан, турагенттіктен немесе күмәнді сайттардан алмауға кеңес береді. ХЖК-ны тек ресми органдар береді.
Сондықтан шетелге шығатын азаматтар сапарға дейін баратын елдің нақты талабын тексеріп алғаны дұрыс.
Еуропада Қазақстан азаматы көлік айдай ала ма?
Дүниежүзілік жүргізушілер қауымдастығының мәліметінше, Еуропадағы көп мемлекет 1968 жылғы Вена конвенциясына мүше. Сол себепті Қазақстанның ұлттық жүргізуші куәлігі кей елде жарамды болуы мүмкін. Алайда жолға шығар алдында әр мемлекеттің талабын ертерек біліп алған жөн. Қазақстанның ұлттық жүргізуші куәлігі ғана қажет елдер бар, ал кей жағдайда халықаралық жүргізуші куәлігі қажет.
Сонымен қатар көлік жалға беретін компаниялардың жеке талабы бар. Кейбірі ұлттық куәлікпен қатар халықаралық құжатты да сұрауы мүмкін. Сондықтан Еуропада көлік жүргізуді жоспарлаған Қазақстан азаматы сапарға дейін баратын елдің заңнамасын және автокөлік жалдау шартын тексеріп алғаны абзал.
Қазақстанның жүргізуші куәлігі жарамды тағы бір ел
Қазақстан азаматы биыл 25 шілдеден бастап Біріккен Араб Әмірліктерінде жарамды ұлттық жүргізуші куәлігімен көлік айдай алады. Бұл мүмкіндік Қазақстан мен БАӘ ішкі істер министрлігі арасында жүргізуші куәлігін өзара тану және айырбастау туралы жасалған меморандум негізінде жүзеге асады. Ереже туристерге, іскерлік немесе жеке мақсатта елге уақытша барған азаматтарға қатысты. Ал БАӘ-ге тұрақты немесе ұзақ мерзімге көшіп, тұруға ниетті Қазақстан азаматтары жүргізуші куәлігін емтихан тапсырмай-ақ, жергілікті куәлікке айырбастай алады.
Сапар алдында нені тексеру керек?
Шетелде көлік айдауды жоспарласаңыз, мына бес нәрсеге назар аударыңыз:
1. Баратын елдің ресми талабын тексеріңіз. Жүргізуші куәлігін тану ережесі уақыт өте өзгеруі мүмкін.
2. Көлік жалдау компаниясының шартын оқыңыз. Кей компания ұлттық куәлікпен бірге қосымша құжат талап етуі мүмкін.
3. Куәлік қай уаққа дейін жарамды екенін қараңыз. Құжаттың мерзімі өтіп кетсе, оны шетелде қолдану мүмкін емес.
4. Құжаттың аудармасы қажет пе, соны анықтаңыз. Кей ел ресми немесе куәландырылған аударма талап етуі мүмкін.
5. Сақтандыру талабын ертерек оқыңыз. Көлік апаты болса, сақтандыру компаниясы жүргізушінің құжатына қатысты қосымша талап қоюы мүмкін.
***
Тағы оқыңыз:
